Атырауда облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков білім беру саласы қызметкерлерімен ашық диалогта кездесу өткізді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі. Кездесудің басты мақсаты – өңірдегі білім саласының қазіргі ахуалы, мәселелерді талқылау және оларды жою.
- Атырау облысында мамандарды даярлау, балаларды оқыту сапасы статистикасына сүйенсек, проблемалық мәселелер бар. Сондықтан, сіздермен ашық диалогта әңгімелесуді жөн көрдім. Қандай да болсын мәселелерді талқылып, саладағы қиындықтарды бірге шешуіміз қажет. Өйткені, ел болашағы – білімді ұрпақ, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, облыстық білім беру басқармасына қарасты 400-ге жуық ұйым бар. Оның ішінде, мектепке дейінгі ұйым саны - 319. Онда мектепке дейінгі 40 мыңға жуық бала тәрбиеленуде.
Сонымен қатар, 17 мыңға жуық бала кезекте тұр. Бала кезегін азайту мақсатында басқарма тарапынан мемлекеттік тапсырыс аясында 4 мың бала мектепке дейінгі жекеменшік ұйымға орналасқан. Алайда, кезегін күткен бала саны азаяр емес.
- Облыста 200 орта білім беру ұйымында 147 871 оқушыға 12 мыңға жуық педагог білім беруде. Пандемия салдарынан оқушылар қашықтықтан білім алды. Қиындықтар болғанына қарамастан, оқушылар жазғы демалыста өз білімдерін толықтыра алды, - деді спикер Айнагүл Дүйсекенова.
Бүгінгі күні облыста 4 апатты, 11 үш ауысымды мектеп бар. Өңірде жол картасы аясында 2025 жылға дейін 48 мектеп салу жоспарланды.
Биылғы оқу жылында 10 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар, жиында білім беру саласындағы мәселелер де сөз етілді. Мектепте орыс тілі мамандарының жетіспеушілігі, студенттердің ірі мұнай компанияларында тәжірибеден өтуі және жұмыспен қамту, аграрлық салада білім алатын студенттерге жағдай туғызу мәселелері талқыланды.
Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары 1 айға әр балаға берілетін қаржы есебі аздық етуде.
Жиында аталған мәселелер бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары басқарма басшылығымен бірге жұмыстанатынын жеткізді.