Атырауда туа сала жетім атанған сәбилер жетерлік. Соның ең сорақысы - анасы нәрестесін бауырына басып, көп ұзамай оны қажетсіз зат ретінде мемлекеттің қарауына өткізіп тастауы. Атырау қаласында «Мамандандырылған Сәбилер үйі» деп аталатын мекеме бар. Біз балалардың бүгінгі жай-күйімен таныспақ ниетте онда арнайы бардық.
"Сәбилер үйінде" 27 бүлдіршін бар
Бұл мекеменің негізі 1960 жылы қаланып, ескі базар аумағында орналасқан екен. Ал 1973 жылы Жайық жағасындағы ғимаратқа көшіріліп, күні бүгінге дейін сонда жұмысын жалғастырып жатыр. Қаланың жасыл аумағында орын тепкен ғимарат осыдан жарты ғасыр бұрын қызметтік пәтер ретінде салынған екі үйден құралған. Тек 90-шы жылдары ғана бөлек тұрған қос үйдің ортасын жалғау мақсатында шағын құрылыс жүргізіліпті.
Қақпадан аттаған сәтте-ақ, аула ішінде шаттанып ойнап жүрген 3-4 жастағы балаларды көрдік. Бәрі мәз-мейрам. Батут үстінде рахаттанып секіріп жүр. Осы күні еріктілер балаларға базарлық әкеліп, батут құрып, олардың көңілін көтеріп жүр екен.
Онда қазір сау балалармен қатар жүйке жүйесі зақымданған, балалар церебарльді параличі, психикасы бұзылған, сөйлеу қабілетінде ақауы бар, даун синдромы және басқа да диагноз қойылған балалар тәрбиеленеді. "Сәбилер үйі" 40 орынға шақталған. Қазір 27 бүлдіршін бар. Оның ішінде алтауы күндізгі стационарға ата-анасымен бірге келіп, емін алады. Яғни, жүйке жүйесі зақымданған, дисплазиясы бар, тілдері дұрыс шықпаған балақайларды сауықтырады. Олар күні бойы ем алып, кешке үйлеріне қайтады. Тіпті олардың аналарымен де психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Өйткені ауру бала баққан оңай шаруа емес. Олар да қолдауға зәру.
Тағы бір асырап алушы туралы айтпай кетуге болмас. Елу жастан асқан әйел 8 айлық ұлды алғысы келіпті. Бірақ кейін ойлана келе, оны аяққа тұрғызу үшін күш-қуатының жетпейтінін түсінген. Мұндағы мақсат – оларға бала бермеу емес, керісінше баланы алған соң қайтып әкеліп тастайтындардың жолын кесу.
Ондағы бүлдіршіндердің 70%-ке жуығы ата-анасы бар тірі жетімдер. Олар: толық емес отбасылар, қиын жағдайға ұшырағандар, баспана жағдайы ауыр, жұмыссыз, ішімдікке салынған, нашақор, сотты болған секілді басқа да отбасында дүниеге келгендер.
«Балаларды өз отбасына не туғандарына қайтаруға тырысамыз»
"Сәбилер үйінің" директоры Раиса Баймұханованың айтуынша, балаларды өз үйіне қайтаруға тырысады. Ол мүмкін болмаған кезде ғана асырап алушыларға үміт беред. Бүлдіршн 4 жасқа толған соң дені сау болса, «Шаңырақ» балалар үйіне, денсаулығында кінәраты болса, облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернатқа жіберіледі.
«Біз сәбилерді ата-анасына қайтару үшін барымызды саламыз. Өйткені бала өз отбасында өсуі керек. Біздің мақсатымыз – бөтен адам асырап алғанша, өзінің отбасына не ағайын-туыстарына қайтаруға тырысамыз. Қалалық білім бөлімі жанындағы «Қамқоршы-қорғаншы кеңесі», Үкіметтік емес ұйымдар мен Ана үйі қоры бізге осы бағытта жақсы көмек көрсетеді. Психологтар аналармен жетесіне жеткізіп тұрып сөйлеседі. Соның нәтижесінде бастапқы райынан қайтып, сәбиін қайта бауырына басқандар баршылық. Анасы болмаса, ағайын-туыстарына беруге барымызды саламыз. Мәселен, балалар цереабральді параличінің ауыр түрімен ауыратын баланы нағашы әжесі алып кетті», - дейді осы мекеменің басшысы Раиса Гильманқызы.
Былтыр 29 бала сәбилер үйінен кетті. Оның 22-сі туған отбасына қайтарылды. Үшеуін асырап алса, біреуі патронаттық тәрбиеге алынды. Бір бүлдіршін Атырау облыстық ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернатқа жіберілді. Екі бала Өзбекстанға қайтарылды. 2021 жылы 21 бала кетті. Оның 15-і өз отбасына барды. Үшеуін асырап алса, ал тағы үшеуі «Шаңырақ» балалар интернатына жіберілді. Ал биыл 5 ай ішінде екі бала асырап алынған.
Не құжаты, не есімі жоқ
"Сәбилер үйіне" Өзбекстан азаматшалары босанған нәрестелер жиі әрі құжатсыз әкелінеді. Олардан анасы не бас тартпаған, не алып та кетпейді. Тіпті кейбір бала туралы бірде бір ақпарат болмайды екен. Сондықтан мекеме қызметкерлері олардың жас шамасын өз беттерінше анықтап, есім беріп, туған күні мен жылын белгілейді. Осыдан 2 ай бұрын екі жасар сәби қабылданған. Оның анасы хабарландыру арқылы тапқан және мүлде танымайтын бала күтушісіне бауыр еті баласын тастап, тайып тұрыпты. Қазір осылай бой көрсетпей кеткендерге іздеу жарияланған.
Перзентханада бала босанып, «әзірге қарауға мүмкіндігім жоқ» деп бас тартқысы келетіндерге де аяққа тұрғанша жағдай жасалған. Олардың нәрестелерін Сәбилер үйіндегі тәрбиешілер мен күтушілер 6 айға дейін бағып береді.
Тастандылардың арасында егіздер де бар
"Сәбилер үйінде" жасына толмаған бес бала бар болса, оның ішінде екеуі егіз. Перзентханадан бір ай бұрын әкелінген. Анасы денсаулығына байланысты уақытша орналастырыпты. Алайда әйел сол уақыттан бері ат ізін салмаған. Бөбектердің әкесі де бар екен. Бірақ егіздерге өз үйлерінен де, ата-анасының жүрегінен де орын табылмай тұр.
Бір бөлмеде тәп-тәтті болып жатқан бес балаға қарап, «қалайша қиып тастап кетті екен?» деген сұрақ мазалайды. Бәрі де 2-3 ай шамасындағы нәрестелер. Босқа жылай бермейді. Осындай тағдырына тас-түйін дайын болып келгендей.
Бала күтушілер көп тұрақтамайды
"Сәбилер үйінде" қазір 45 адам жұмыс істейді. Қажетті мамандармен 75%-ке ғана қамтылған. Әсіресе, бала күтушілері тұрақтамайды. Ары кетсе 1 айдан соң кетіп тынады. Бәрінің айтар уәжі бір - жұмысы ауыр және балалардың тағдырын жүрекпен қабылдайды. Оған қоса жалақысы аз. Жүз мыңға да жетпейді. Бұл мекемеде бас дәрігер, балалар дәрігері, емханадан келетін неврапатолог пен реабитолог, 9 медбике, әлеуметтік қызметкер, психолог және педагогтар, аспаздар мен басқа да қызметкерлер еңбек етеді.
Балалар күтушісі Ақжүніс Қалденованың айтуынша, бұл балаларға мейірім керек.
«Біреудің баласы деп бөлмей, жақсы көрем. Бірақ аналық махаббатты бере алмайтыным рас. Дегенмен де еркелетіп, жылы сөздерді айтудан аянған емеспін. Қылықтары да сондай тәтті ғой. Бірі – атымызды атайды, енді бірі – «Мама» дейді», - деп ағынан жарылды А.Қалденова.
Барлық бала «банктің ішінде»
Қазір бала асырап алғысы келетіндер бұрынғыдай кезекке тұрмайды. Олар «Қамқоршы-қорғаншы кеңесіне» барып, тіркеледі. Сөйтіп қалалық білім бөліміне қарасты «Бала асырап алушылар мектебінде» 3 айдан астам уақыт оқып, дайындықтан өтеді. Осыдан соң олар «Балалардың республикалық банкі» деген мәліметтер базасына кіріп, бүкіл Қазақстан бойынша "Сәбилер үйінде" тәрбиеленіп жатқан балалар туралы деректерді қарап, сол жерден өзіне ұнағанына бронь жасайды. Бір жұмыс күні ішінде баланы көруге мүмкіндігі бар. Атыраулық сәбилерді Орал, Астана, Ақтөбе қалалары мен Жамбыл облысынан асырап алғандар бар.
Раиса Гильманқызының айтуынша, сәбилерге ештеңе түсінбейді деп қарауға болмайды. Әрқайсысы сезімтал. Мұнда есі кірген бүлдіршіндер «біреу келіп қалар ма екен?» дегендей, есік жаққа алаңдап отырады екен. Анасын күткені шығар деп түйдік...
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА