Тапталған газон, шашылған қоқыс: 3 мыңнан астам атыраулық саябақты ластап кетті
Атыраулықтар мереке күндері «Жеңіс» саябағы мен оның жанындағы аллеяда демалыс күндері сейіл-серуен құрып, көгалды таптап тастады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мерекелік демалыс күндері саябақ маңындағы аллеяда ине шаншар жер болмады. Онда келген жұртшылық жасыл желекті күтіп-баптап жүрген жұмысшылардың күн сайынғы еңбегін елемеді. Олар газонның үстіне төсеніш төсеп, ас ішті және көк шөптің үстінде ойын ойнап, әдбен таптап тастады. Ол аз десеңіз ішкен ас-суынан қалған қоқысты арнайы жәшікке салмай, отырған жерінде шашып кетті.
«Каспийдормостострой» ЖШС директорының орынбасары Леонид Задерныйдың айтуынша, Атырауда топырақтың сортаң болуына байланысты газон егіп, оны өсіру оңай шаруа емес. Сондықтан өзгенің еңбегін бағалап, аллеяға көрік беріп тұрған көк шөпті басудың мүлдем қажеті жоқ.
«Газон деген өте нәзік өскін. Оның үстінде жүруге, отыруға және ойнауға болмайды. Мереке күндері аллеяда 3 мыңнан астам адам демалды. Бірі кетсе, екіншілері келді. Осылайша таңертеңнен түнге дейін тыным болмады. Мәселен, футбол ойынына төзімді деген газонның өзінде спортшылар онда тек жарыс кезінде ғана ойнайды. Ал күнделікті жаттығуларын жасанды газон үстінде өткізеді», - дейді Л. Задерный.
Бұл күндері тек аллеяда ғана емес, «Жеңіс» саябағында да төсеніш төсеп, ас ішіп отырғандар аз болмады. Тіпті қыз-жігіттердің әр жерде құшақтасып жатқанын да көз көрді.
Қала тұрғыны Зарина Дүйсембиеваның айтуынша, шөпті басып, қоқыс тастағандарға айыппұл салынуы тиіс.
«Өсіп-өнген қаласына жаны ашымағандарға айыппұл салынсын. Бейнекамералар қойылсын. Онсыз да жасыл желек пен көк өскін аз қалада мынау тым ерсі екен. Бар табиғатымызды аялайық. Өзгенің еңбегін де бағалауды үйренейік», - дейді З.Дүйсембиева.
Газон өсірушілердің айтуынша, осылай жалғаса берсе, шөптің тамырына зақым келіп, қурай бастайды. Мұнан соң ол жерге шөп өспейтін болады. Өкінішке қарай, қазірдің өзінде тапталып, тықырланып қалған тұстары да жоқ емес. Оны қайта қалпына келтіру неғайбыл. Тіпті, «Көгалды баспаңыз, химиялық заттармен өңделген» деп жазылған тақтайшалар да қойылған. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.
Негізінде, аллеялар мен саябақтар адамдардың күнделікті күйбең тірліктен бір сәт тынығып, демалуы мен серуендеуі үшін қажет екенін жыдымыздан шығармайық.
«Қала тұрғындарынан біздің 4 жылғы еңбегімізді бағалауды сұраймыз және газон үстінде түрлі спорттық ойындарды ойнамауды, би билемеуді, жас дарақтарды сындырмауды және ең бастысы – қоқыс тастап, ластамауды сұраймыз», - деді Л.Задерный.
Табиғатқа нұқсан келтірушілердің бұл әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 386 бабы ("жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау қағидаларын бұзу") және 505 ӘҚБтК ("қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қаланың жасыл желектерін жою және зақымдау") бойынша жасыл желектерді бүлдіргені және жойғаны (өсуді тоқтатуға әкеп соқтырғаны) үшін заң жүзінде бекітілген жауапкершілікке тартылады.
Жеке тұлғалар тарапынан жасыл желекке нұқсан келтірілген жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылады. Бұл – 69 мың теңге.
Ал қала әкімдігі тарапынан алдағы уақытта саябақ пен аллеядағы көгалды қорғау мақсатында қандай шаралар қабылданатыны туралы жауап болмады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА