Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев ATPress.kz редакциясына есеп комитетінің Атырауда екі жылдан астам уақыттан бері әлеуметтік тұрғын үй пәтерлері берілмегені туралы ақпаратына түсінік берді.
ATPress.kz: "Қайрат Құлымұлы, күні кеше Атырауда 160 пәтер әлеуметтік баспананың екі жылдан астам берілмей тұрғаны туралы есеп комиссиясының ақпараты жарияланды. Содан кейін қалалық әкімдік есеп комиссиясының бұл ақпаратын жоққа шығарды. Осы жағдайға түсінік бере аласыз ба?
Қайрат Оразбаев: "Екі жыл бойы әлеуметтік пәтерлердің бөлінбегені туралы есеп комиссиясының мәлімдемесі комитеттің ревизорларына берген біздің сенімсіз ақпаратқа негізделген. Негізінде пәтерлер бұрын хабарлағанымыздай, аталған кезеңде 2019-2020 жылдары Атырау қаласындағы үйлері апатты жағдайдағы тұрғындар мен «Разезд 496» және «Қарабатан» елді мекендерінен қоныс аударғандарға қайта бөлінді. Тағы да қайталап айтамын, есеп комиссиясының әлеуметтік пәтерлердің бөлінбеу туралы қорытындысы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі берген шындыққа жанаспайтын ақпаратына негізделген. Осыған байланысты есеп комиссиясындағы әріптестерімнен қалыптасқан жағдай үшін кешірім сұраймын.
Мен жалған ақпарат бергені үшін кінәлі қалалық әкімдіктің лауазымды тұлғаларына қызметтік тексеру тағайындадым және кінәлілер жауапқа тартылады».
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдары Атырау облысының қаржылық шығындарын тексерген Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне сілтеме жасап ақпарат таратқан болатын. Атап айтқанда, ол ақпаратта қалалық құрылыс бөлімі көп балалы аналарға 173 пәтер сатып алғанымен, 21 айда 13 пәтерді ғана үлестіргені айтылды.