Әлеуметтік желілерде ерекше ерлі-зайыптылардың тойдағы видеосы тарап кетті. Бұл туралы Эспрес К сайты жазды.
Ерекше деуіміздің себебі де бар. Күйеу жігіттің бойы қалыңдықтан 15 сантиметрге аласа екен.
Қалыңдықтың есімі Гүлзат Әуезбекова, 22 жаста. Ақтөбе облысы, Ембі қаласының тумасы. Ал күйеуі Ғалымжан Бағытжанов Атырау қаласының жігіті. Жасы - 25-те.
Бүгінде жас отау иелері Ақтөбедегі Қурайлы ауылында қара шаңырақта тұрады.
Олар 2020 жылдың тамызында "Вконтакте" желісінде танысқан екен. Кейін телефон нөмірімен алмасып, араласа бастапты. Бірақ қазбалап ешнәрсені сұрамадым дейді. Бойжеткен кездесуден біраз уақыт бас тартып жүріпті.
"Білмеймін неге екенін, мүмкін қорықтым ба? Бірақ онымен сөйлескім келіп тұрады. Өте сондай жарқын, қызық адам. Оны шынайы өмірде көрмесем де бұрыннан танитын жақын адамымдай қабылдадым. Көп ойланып, кездесуді жөн көрдім. Шыны керек, алғашында аздап шошып кеттім. Ішімнен "мен не істеп жүрмін, ата-анам білсе не болады?" деген ойлар кетті. 5 минуттай жүріп үйге кетіп қалдым",-деді Гүлзат Әуезбекова.
Осы кездесуден соң бойжеткен байланысты түбегейлі үзуді жөн көріпті. Бірақ уақыт өткенімен, жігітті жиі ойлап, үш айдан соң әлеуметтік желі арқылы өзі хат жазады. Осылайша олар 7 ай қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген екен. Ал өткен жылдың қыркүйегінде жігіттің туған күнінде (4 қыркүйек) екі жас шаңырақ көтерген.
Гүлзаттың ата-анасы қызының таңдауына қарсылық білдірмеген, қайта бастысы бақытты болғаның деп ақ батасын берген екен. Ал достары алғашында сенбей, тіпті қызды сөгіп те алыпты.
"Достарым алғашында "өтірік қой иә" деп біраз уақыт сенбей жүрді. Тіпті "ұят емес пе, әп-әдемі жігіттер толып тұр ғой" деп айтқандар да болды. Шүкір, Ғалымжан да әдемі жігіт негізі. Бұл кісі менің маңдайыма жазылған тағдырым деп білемін. Кім не айтса да айта берсін. Бастысы, Аллаға шүкір біз бақыттымыз!",-деді жас келін.
Гүлзат Әуезбекова жолдасымен кездесіп жүрген кезінде "бойың неге аласа?" деп сұрмағанын алға тартты.
"Шынымды айтсам, оның көңіліне қарадым. Көңіліне тиіп кете ме деп уайымдадым. Ал бойының кішкентай болуы ешқандай да тұқым қуалаушылық емес. Үйде барлығының бойы ұзын" деп сөзін жалғады ол.
Гүлзаттың бойы — 155, ал жолдасының бойы 140 сантиметр екен.