Индердегі Тұздыкөл жағасында жаңа шипажайдың құрылысы басталды

Бұл туралы ATPress.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаева «Облыс әкімдігінің тапсырысымен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 2018 жылы Пятигорск бальнеологиялық курортымен бірлесіп, Тұздыкөлдің балшығын тиімді пайдаланудың ғылыми негіздемесін әзірлеуді бастады. Сол кезде академик Муфтах Диаровтың жетекшілігімен бір топ ғалым зерттеу жүргізді. Ғалымдар Индер ауданындағы Тұздыкөлдің балшығын емдік мақсатта қолдануға болатыны туралы қорытынды жасады. Сондай-ақ, Пятигорск ғалымдары Тұздыкөл балшығын қандай ауруларға, қанша мөлшерде, қашан және қалай қолдануға қажеттігі туралы егжей-тегжейлі сипаттама берді» дейді Қарлығаш Бекбаеа.

Оның мәліметіне сүйенсек, Тұздыкөл жағасында сауықтыру бағытындағы шипажай кешені бой көтереді. Қазір шипажай кешенінің құрылысы басталған. Шипажай кешенінің құрылысына «Нефтьстройсервис» ЖШС 5,8 млрд теңге көлемінде инвестиция салғалы отыр. «Бұл – үш кезеңмен жүргізілетін жоба. Оның бірінші кезеңі 2023 жылдың соңына қарай аяқталады» деп мәлім етті Қарлығаш Бекбаева.

Жобаның бірінші кезеңінде 3 қабатты 50 орындық тұрғын жай салынады. Оған қоса медициналық блок пен бассейн бой көтереді.