Дәрігерлер Атырауда самокатпен көлікке соқтығысқан баланың жағдайы туралы айтты

Атырау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі жансақтау бөліміне түскен баланың жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жарақат алып, 24 шілде күні балалар ауруханасының жансақтау бөліміне түскен 6 жасар баланың жағдайы тұрақты.

Қазір ол облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне ауыстырылды. Дәрігерлер оған «әртүрлі жарақаттар, жабық бас-ми жарақаты мен өкпенің зақымдануы» деген диагноз қойып отыр.

Осыған дейін 24 шілде күні сағат 21:15 шамасында  Әбілхайырхан даңғылы бойында самокатпен келе жатқан 10 және 6 жастағы  екі баланың маркасы Hyundai Accent көлігімен соқтығысқаны туралы жазған едік.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото ашық дереккөздерден алынды