Атырауда самокат тепкен екі бүлдіршін көлікке соқтығысты (видео)
Оқиға Әбілхайыр хан даңғылында болды. Бұл туралы AtyrauPress тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
24 шілде күні сағат 21:15 шамасында Әбілхайырхан даңғылы бойында самокатпен келе жатқан 10 және 6 жастағы екі бала маркасы Hyundai Accent көлігімен соқтығысты.
Соққы салдарынан 8 жасар жасөспірім дене жарақаттарын алды.
Балалар жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды.
Көлік жүргізушісі оқиғадан кейінгі жағдайды видеоға түсіріп алған. Онда темір тұлпардың бампері қатты майысыпты. Балалар көлік артына бар пәрменімен келіп соғылған секілді. Жүргізушінің айтуынша, бүлдіршіндердің біреуі көліктің астына кіріп кеткен.
“Жедел жәрдем келген кезде баланы көліктің астынан шығарып алды. Мына жердің бәрі қан болды. Оның бетіне топырақ сеуіп тастадық”, - деді көлік иесі.
Ал баспасөз қызметі қазір бұл жағдаймен анықтау бөлімінің айналысып жатқанын хабарлады.
“Тиісті іс-құжаттар жинақталып, қалалық полиция басқармасының анықтау бөліміне тапсырылды”, - делінген хабарламада.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА