«Әжептеуір тал екпей ме!»: Жол бойындағы жыңғылдар атыраулықтардың ашуына тиді

Атырау қаласының орталығындағы Бейбарыс көшесіне қаз-қатар егілген жыңғыл халықтың ашуына тиді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бейбарыс көшесінде өсіп тұрған жыңғыл жергілікті халыққа ұнамады. Оны видеоға сынап түсірген Атырау тұрғыны басқа тал егу қажеттігін алға тартты.

«Қазір жасылдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Не себепті жыңғыл отырғызып қойған? Соған түсінбей тұрмын. Жыңғылдың пайдасы жоқ. Оның орнына әжептеуір ағаш отырғызбай ма? Көлеңке болып, ауаны да тазартар еді. Ал мынау босқа өсіп тұр», - деді жергілікті тұрғын.

Бұталы өсімдіктің Бейбарыс көшесінде не себепті егілгенін білу мақсатында «Каспийдормостострой» ЖШС-нің бапасөз қызметіне хабарластық. Олардың айтуынша, ол аумақтағы топырақ сортаң. Басқа ағаштар өспейді.

«Бейбарыс көшесінің Махамбет көшесіне дейінгі аумағына былтыр жыңғыл ағаштары егілді. Өйткені осыған дейін бірнеше рет егілген неше түрлі талдар тамыр алмай, 3-4 аптадан соң қурап кетті. Ол тұста жер асты сулары тұзды болып келеді. Тіпті, сынап түсірілген видеоға назар салсаңыз, жол бойындағы арықтың іші суға толып тұр. Онда су жерге сіңбейді. Ағаштың тамыры жердің тұзды аумағына жеткен кезде қурайды. Сортаң жерде жақсы өсетін жиде мен жыңғылды екпес бұрын, орман шаруашылығы институты қызметкерлерімен кеңестік. Осылайша тәжірибе ретінде жиде мен жыңғыл егілді. Әзірге бұталы өсімдіктер жердің сортаңдығына қарамастан, жақсы өсіп тұр. Біздің мақсатымыз – оларды кәдімгі ағаштардың биіктігіне жеткізу. Бір жылдың ішінде олар  90-100 см болып өсіп қалды. Егер жақсылап күтім жасаса, жыңғыл 5-6 метрге дейін биік болып өседі. Бұталы өсімдіктер кей қалаларда сән беру үшін өсіріледі», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Жыңғылдың басты қасиеті – төзімділігінде. Оның бұтағының қабығын сындырып тастаса да тіршілігін жоймайды. Суда тұрса шірімейді, қайта өсіп, салмақ қосады дейді мамандар.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА