Атыраулық жас экологтар «ProEco» жобалар конкурсының облыстық кезеңінде бақ сынасты

№38 мектеп-лицейінде 5-8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсының облыстық кезеңі өтті. Конкурс экологиялық мәселелерге қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау мақсатында «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Конкурстың облыстық кезеңінде аудандық және қалалық іріктеуде жеңімпаз атанған оқушылар төрт бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтсақ,  «Туған өлке табиғаты» бағыты аясында туған жердің табиғи аймақтары мен экожүйелерін танытатын виртуалды экскурсиялар, 3D-модельдер, интерактивті карталар ұсынылды. «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты табиғат құбылыстарын бейнелейтін бейнетүсірілімдер, деректі фильмдер, фотоэсселер және көркем әңгімелерді қамтыды. «Үздік экологиялық бастама» бағыты экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған макеттер, экодизайн, аналитикалық зерттеулер мен инфографикаға негізделген командалық жобалар арқылы жүзеге асты. Ал «Таза қала сізден басталады» бағыты аясында экологиялық акциялар, көгалдандыру, абаттандыру, фотоесептер мен бейнежобаларды топтық және жеке жоба ретінде ұсынды.
Конкурс жасөспірімдердің экологиялық сауаттылығын арттырып, олардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге ықпал етті. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас экологтардың зерттеулері мен бастамалары болашақта өңірдегі экологиялық мәселелерді шешуге үлес қосады.