Атырау қаласындағы «Жилгородок» атанып кеткен көпір астында ардагерлерге арналған шағын футбол алаңшасының құрылысы қарқынды түрде жүруде, деп хабарлайды AtyrauPress.
Алаңшаның доп тебетін аумағының өзі мың шаршы метрге жуықтайды. Бұдан бөлек, оның сырты қоршалып, айналасына 100-ге жуық ағаш егіледі. Келушілерге ыңғайлы болу үшін көлік қоятын орын салынып, биодәретхана да қойылады. Көрермендерге арналған трибуна 80-100 орынға шақталатын болады.
Ардагер футболшыларға арналған алаңшаны «Санжар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Жолболов салып жатыр.
«Ардагерлер спортына көңіл бөліну қажет. Мәселен, футболшылар 35 жастан соң кәсіби түрде бұл ойынды ойнай алмайды. Ал оларға тоқтап қалуға болмайды. Оларға спортсыз өмір сүру қиын. Қазір мен үнемі қолдап, демеушілік жасап келе жатқан «Санжар» ардагерлер футбол командасында «спорт десе ішкен асын жерге қоятын» 12 аяқдопшы бар. Олардың арасында 40-70 жастан асқан кісілер доп теуіп жүр. Команда әртүрлі деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып, Атыраудың намысын қолдан бермей жүр, соның ішінде Қазақстан Чемпионатын да бірнеше рет жеңіп алғанбыз. Жалпы, ардагерлер арасында жастарына байланысты бірнеше топтар Атырау қаласының кубогі, Атырау облысы кысқы-жазғы чемпионаттары өтіп, онда 100-200 футбол ардагерлері қатысады. Осыған дейін біз ыңғайы келген жерде, ақшасын төлеп жаттықтық. Енді осы алаңша салынып болған соң спортшылар ештеңеге алаңдамай жаттығады», - деді Нұрлан Жолболов.
Айта кетейік, ардагерлерден бөлек, онда түрлі спорттық шаралар да өтпек.
Бұл әзірге ашық алаңша болады. Ал келешекте қыс мезгілінде де жаттығуға ыңғайлы болу үшін төбесі мен жан-жағы панельмен жабылады. Демеушінің айтуынша, бұл уақыт пен қаржыға тіреледі. Қазірдің өзінде құрылысқа қанша қаражат кеткенін демеуші айтуды жөн көрмеді. Өйткені бастапқы жоспарланған сомадан да көп шығын шыққан. Мәселен, бір ғана дәнекерлеу жұмыстарына 5 млн астам теңге жұмсалған, газонның өзі 6 млн, одан да басқа құрылыс материалдарының бағасы қаншалықты қымбат екені айтпай-ақ белгілі.
Шағын футболға арналған алаңшаны салу жұмыстары 1 шілдеде басталды. Ал 31 шілдеге дейін толық аяқталып, падалануға беріледі деп жоспарланған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА