Атырау облыстық ауруханасында жағдайы өте ауыр 40 жастағы азаматқа күрделі ота жасалды. Оның өмірін сақтап қалу үшін ұйқы безінің бір бөлігі алып тасталды. Мұндай ота облыстық ауруханада алғаш рет жасалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Науқас жол апатына ұшырап, медициналық көмекке жүгінбеген. Тек 3-4 күннен соң ғана жарақат бекетіне келіп қаралған. Сол кезде дәрігерлер оның жағдайының күрт нашарлағанын көріп, облыстық аурухананың хирургия бөліміне жатқызды.
Емдеуші дәрігер Берік Тасмағамбетовтың айтуынша, науқаста ұйқы безінің ауыр жарақатынан кейін өміріне үлкен қауіп төнген. Оны аман алып қалу үшін шұғыл түрде ота жасалды.
«Ұйқы безі адам организміндегі маңызды орган. Себебі бұл орган организм үшін инсулин мен ферменттерді бөледі. Науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрделі ота арқылы ұйқы безінің бір бөлігін алып тастау керек болды. Отадан кейінгі кезеңде науқас өте ауыр жағдайда жансақтау бөлімшесінде болды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін хирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Сол жерде науқасқа күн сайын таңу жұмыстары жүргізілді. Отадан кейінгі жетінші күні жара арқылы ұйқы безінің фистуласы ашылды. Алдыңғы қабырға, сол жақ және оң жақ субдиафрагматикалық кеңістіктегі дренаждар жойылып, науқас ауруханадан шығарылды», - дейді Б.Тасмағамбетов.
Осы күрделі ота Атырау облыстық ауруханасында алғаш рет жасалып, оң нәтижемен аяқталды. Пациент тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға жіберілді.
Облыстық аурухананың директоры Ербол Иманғалиев отаның МӘМС жүйесі бойынша жасалғанын айтты. Ол 1 млн 214 мың 511 теңгені құрады.
«Науқастың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болып, оған ота тегін жүргізілді. Жыл басынан бері Атырау облыстық ауруханасында МӘМС жүйесі бойынша барлығы 830 ота жасалды. Оның ішінде шұғыл түрде – 695, жоспарлы түрде – 135 ота жасалды» - деді Е.Иманғалиев.
Эльмира Мықтыбаева