Атырауда жыл басталғалы жетінші автокөлік өртеніп отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сонымен қатар жану деректері де орын алып, апта басынан бері үш автокөліктегі өрт және жану фактісі тіркелді. Атырау облысы ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан білгеніміздей, көліктердегі өрт тез өтеді және жүргізушілер мен жолаушыларға үлкен қауіп төндіреді.
"Құрметті автокөлік иелері мен жүргізушілері! Автокөліктеріңізді дер кезінде техникалық байқаудан өткізіңіз; үнемі оның дұрыс екенін қадағалаңыз, әсіресе электр сымдарға назар аударыңыз; автокөлігіңізде өрт сөндіргіш міндетті түрде болсын, оны қолжетімді жерде ұстаңыз; егер Сіздің автокөлігіңізде өрт болған жағдайда көлікті тоқтатып, өрт сөндіргіш құралын алып, өрт ошағына жақындатып шашыңыз; егер өрт сөндіргіш құралыңыз тиімді болмаса, әрі қарай құм мен топырақты пайдаланыңыз. Жанып жатқан кезде мүмкіндігінше есік пен терезені ашық қалдырмаңыз. Көліктің есігін мықтап жаппасаңыз, өрт шарықтап кетуі мүмкін. Суық мезгілде автокөлікте орнатылған және қозғалтқышты жылыту үшін пайдаланатын электр жылытқыштары (жылыту қазандықтары) қауіпті. Төтенше жағдайлар орын алса немесе куәгері болсаңыз «112» нөміріне хабарлаңыз!" деп ескертеді төтеншелік мамандар.
Айта кетейік, өткен жылы 89 автокөліктегі өрт дерегі тіркелген болатын.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ