Атырауда ұлттық киімдер шеруі өтеді
1 маусым күні Атырау қаласында ұлттық киімдер шеруі өтеді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл шеруге қазақтың ұлттық киімін киген кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Жаз мезгілінің алғашқы күні жұртшылық Исатай мен Махамбет алаңынан бастап, Қаныш Сәтпаев көшесі арқылы жүріп өтіп, Бейбарыс алаңына дейін барады.
Атырауда алғаш рет өткізілгелі тұрған іс-шара барысында ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен әндер шырқалып, күй күмбірлейді. Оған тұстас отбасы мүшелері түгел қатысса болады. Ұйымдастырушылар әрбір атыраулықтың осы іс-шараға атсалысуға шақырады.
Ал шеру соңы Бейбарыс алаңында 1 маусым - балаларды қорғау күніне орай ойын-сауық сазды бағдарламасымен жалғаспақ.
Шеру кешкі сағат 19.00-де басталады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА