Атырауда үстіне ескерткіш құлаған қыз қайтыс болды...

Бұл туралы Атырау қалалық полиция басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кеше кешкі уақыт шамасында Атырау қаласындағы Жеңіс саябағы алаңында 2017 жылы туған қыз балаға ескерткіш құлап, алған дене-жарақаттары салдарынан облыстық балалар ауруханасында қайтыс болды. Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жариялануға жатпайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз өкілі Айгерім Сабырованың айтуынша, дәрігерлер бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға бар күшін салған...

"25 маусым сағат 21:40 шамасында Атырау қаласында ауа-райының күрт өзгеруі салдарынан «Жеңіс» саябағында орналасқан ескерткіш құлап, салдарынан бір отбасының 2015 және 2017 жылы туған балалары Атырау облыстық балалар ауруханасына түсті. 2017 жылы туған пациент түрлі ауыр дене жарақатымен түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Сырқатының ауырлығына байланысты тиісті ем-шаралар көрсетілгенмен пациент қайтыс болды. 2015 жылы туған пациентке жарақат бекетінде ем көрсетілді. Қол сынығына байланысты қолына гипс салынды. Амбулаториялық ем қабылдауға байланысты үйіне жіберілді" дейді ол.

Оқиғаға қатысты қала әкімі де пікір білдірді.

– «Естелік аллеясында» батырлар мүсіні кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына орнатылған еді. Орал қаласында жасалған. Мемлекет ешқандай қаражат жұмсамады. Мен де тәжірибелі құрылысшы болғандықтан, мұндай салмақты мүсіннің қалай құлап кеткені өзіме де жұмбақ болып отыр. Ол желдің әсерінен құлады деп ойламаймын. Анық-қанығын тексеріп жатырмыз» – дейді Шәкір Кейкин.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: әлеуметтік желіден