Атырауда Рахымжан Отарбаев шығармашылығына арналған халықаралық конференция өтіп, арнайы сайт ашылды

Белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың 65 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шарада қаламгердің әзербайжан тіліндегі «Бас» романының аударма кітабы мен шығармашылығына арналған сайттың тұсауы кесіл

Халықаралық конференцияға отандық белгілі ақын, жазушылар мен шетелдік әдебиетшілер және қаламгердің ұрпақтары қатысты.
Пленарлық мәжілісте бас қосқан әдебиет сыншылары Рахымжан Отарбаевтың шығармаларындағы ерекшеліктер туралы тарқата айтты. Мәселен, Түркия елінен байланысқан публицист, әдебиет сыншысы Аманкелді Кеңшілік Отарбаевтың қайталанбас туындыларындағы шеберлік пен шындықты айтты. Ал, филиология ғылымдарының докторы Риза Әлмұқанова Отарбаев шығармаларындағы көркемдікті баяндады. Сондай-ақ, Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын қырғыз тіліне аударған, Қырғыз елінің әдебиетшісі Болотбек Таштаналиев қазақ қаламгерінің шығармаларына деген қызығушылығын жеткізді. Ал, «Бас» романын моңғол тіліне аударған елімізге белгілі ақын, философ  Сұраған Рахмет Отарбаев шығармалары әлі де зерттеуді, зерделеуді қажет етеді деп баса айтты.
- Конференция әліппе ғана. Отарбаев шығармаларының ішінен «Шыңғысханның көз жасы» көп айтылды. Әйтсе де, ол әлі де аздық етеді. Өйткені, ол шығарманың берері мол. Тереңнен түсіну үшін зерделеуді қажет етеді. Сондықтан да оған шетел жазушылары да қызығушылық танытып отыр. Оның Халықаралық деңгейде әлі де зерттелетініне кәміл сенемін – деді философ Сұраған Рахмет.

Бұдан бөлек, конференция барысында «Рахымжан Отарбаев драматургиясы: зерттеу мен зерделеу» конкурсының жеңімпаздары марапатталып, rahimzhanotarbayev.kz сайтының таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, жиын қонақтары Отарбаев шығармаларының кітап көрмесін тамашалады.