Осыған дейін Атырауда 1 шілдеге дейін мүмкіндігі шектеулі азаматтар Смарт карталары мен мүгедектігін растайтын төлқұжаттарының көшірмесін «Smart Qala» ЖШС-нің Whats Аpp нөміріне жіберулері тиіс еді. Енді бұл шара 15 шілдеге дейін ұзартылып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Smart Qala» ЖШС-нің директоры Ләззат Досмағамбетованың айтуынша, азаматтардың мүгедектігі мен жол жүру карталарын растау Атырау қаласы әкімдігінің ұсынысымен шілде айының ортасына дейін ұзартылды. Өйткені үлгере алмай жатқан және бұл туралы әлі естімегендер де бар екен. Сонымен қатар, Л. Досмағамбетова смарт карталарын растамағандар жүйеден шығып, тегін жүру мүмкіндігінен айырылатынын ескертті.
Бүгінгі күнге дейін 974-тен астам адам тіркеліп, мүгедектігі мен Смарт карталарын растап отыр. Жалпы, жол жүру картасын 6649 I және II топ мүгедегі алған. Олар тегін жүреді. Ал 2621-і III топ мүгедегі. Олар жол ақысының жартысын төлейді. Қазір қоғамдық көліктердегі жол билеті 80 теңге.
Автобустағы төлемақы қабылдау жүйесіндегі жаңартуларға байланысты I, II және III топ мүгедектері Смарт карталары мен мүгедектіктерін растайтын төлқұжаттарының фотосын +7-701-348-02-54 Whats Аpp нөміріне жіберуі тиіс.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА