Атырауда мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкердің шотынан негізсіз ақша алған

Жергілікті кәсіпкердің шотынан Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы негізсіз ақша алған, деп хабарлайды AtyrauPress Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Кәсіпкер Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне және Өңірлік кәсіпкерлер палатасына Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымданған. Оның айтуынша, басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін кәсіпкердің жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шотынан 41, 8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған.

Бұл ретте іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болмаған. Осылайша, шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде кәсіпкер 42 қызметкерге жалақы бере алмады, салық төлей алмады және келісімшарттық міндеттемелерді де орындай алмады.

Өз кезегінде, облыстың Антикор қызметі ұйымдастырған мемлекеттік кірістер департаменті мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесудің нәтижесінде заңсыз алынған қаражатты қайтару жөнінде оң шешім қабылданды.

Қазіргі кезде кәсіпкерге қаражатты қайтару рәсімі жүргізіліп жатыр.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА