"Атырауда «Жетістік жолдары: әйелдер белсенділігінің қоғамдағы рөлі" атты облыстық әйелдер форумы өтті, -деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов егемендік жылдары мемлекеттікті қалыптастыру мен нығайту ісінде әйел-аналардың өзіндік орны барын атап өтті.
«Отыз жылдағы тарихи табыстарымызды саралағанда Сіздердің еңбектеріңіз ерекшеленіп көрініп тұрады. Осы аралықта отбасылық құндылықтарды орнықтыруда да іргелі істеріңіз көп. Отбасылық саясатты жетілдіру мен ана мен баланы мемлекеттік қолдау мақсатында маңызды құжаттар қабылданып, тұтастай жүйе құрылды. Қазақстанда Отбасы күні белгіленіп, балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Сонымен қатар, жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп, көптеген нақты іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осындай игі істер әр отбасының босағасының беріктігін бекемдеуге септігін тигізіп келеді. Мұның барлығы Отанымыздың баянды болашағы үшін жасалған нақты қадамдар»,-деген өңір басшысы, облыс бойынша кейбір көрсеткіштерге де тоқталып өтті.
Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы «Батыр аналар» саны 10 мыңнан асады. Ал, биыл жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй қорынан 222 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, осы жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 400-дей отбасы баспаналы болады. Мамандықтар бойынша статистикаға көз жіберсек, педагогтардың 85 пайызын, медицина қызметкерлерінің 72 пайызын, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызын әйел адамдар құрайды.
«Өңірде шағын және орта бизнестің дамуына әйел-кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Әйел адамдар басқаратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артып, 26 мыңнан асты. Бұл жалпы тіркелген шағын және орта бизнес субъектілер санының 45 пайызын құрап отыр»,-деді М.Досмұхамбетов.
Өз кезегінде, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының «Құрметті азаматы» Рашиля Мұрсалиева «Біз еңбек еткен уақытта біраз қиындықтар болды. Сол кезеңдерде әйелдер ер азаматтармен бірдей еңбек етіп, өздерінің қоғамдағы рөлін көрсете білді. Ал, қазір сол қиындықтардың барлығы артта қалды. Бұл айналып келгенде тәуелсіздіктің жемісі. Өйткені, Елбасымыз да, мемлекет басшысы да әйелдерге әрдайым қолдау білдіріп келе жатқанын айтқым келеді. Мұның өзі біз үшін үлкен демеу»,-деді.
Сонымен қатар, форумда әр салада табысты еңбек етіп жүрген әйелдер қыз-келіншектердің қоғамдағы орны туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, өңірдің қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген бір топ әйел ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.