Атырау мұнай және газ университетінде «GREEN SCIENTIST» I ғылыми-практикалық байқауы өтіп жатыр

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде Н.Нәдіров атындағы Мұнай-химия инженериясы және экология институтының ұйымдастыруымен экология және ғылым саласындағы жас зерттеушілердің басын қосқан «GREEN SCIENTIST» I ғылыми-практикалық байқауы өтуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қатысушылар лабораториялық тәсілдерді қолдана отырып, ағынды судан мұнай қалдықтарын ажыратады. Бұл тәжірибе экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеудің тиімді әдістерін анықтауға бағытталған.

"Бүгін конкурсқа алты команда қатысып жатыр: Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінен бір команда, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен екі команда және өзіміздің Атырау Мұнайгаз университетінен үш команда. Бұл командалардың қатысушылары өздерінің зерттеу жұмыстарын осы конкурс барысында тексеріп, айтып, өз көзқарастарын дәлелдейтін болар деп ойлаймыз. Қатысушыларға сәттілік тілейміз",-деді Атырау мұнай және газ университетіндегі зерттеу лабораториясының жетекшісі Маржан Досмағамбетова.

Байқау барысында жас ғалымдар өздерінің зерттеу дағдыларын көрсетіп қана қоймай, экология саласындағы жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік алады. Сарапшылар алқасы қатысушылардың ғылыми тұжырымдамаларын, зерттеу әдістерін және тәжірибелік нәтижелерін бағалап, үздік жобаларды анықтайды.