Ақкөл ауылындағы жаяу жүргінші жолы құрылысы: Құрманғазы ауданы әкімдігі түсінік берді (+ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде Құрманғазы ауданы, Ақкөл ауылындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қызу талқыға түсті.

Құрылыс жұмыстарын бейнежазбаға түсірген белгісіз азамат тротуардағы асфальттың  астына шиыршық тастың (щебень) төселмегенін сынға алған.

Бейнежазбаға қатысты Құрманғазы аудандық әкімдігі жауап берді. Онда асфальт қиыршық тастың (щебень) емес, құм қиыршық тасы қоспасының (ПГС) үстіне төселетіндігі айтылған.

«Жоба бойынша қарастырлған 8 шақырым жаяу жүргіншілер жолының қазіргі таңда 3,3 шақырымы төселген. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілер жолы құрылысына 15 см құм қиыршық тас қоспасы (ПГС), 4 см асфальт салынуы қажет.

2019 жылы басталып, 2020 жылы қаражат бөлінбеуіне байланысты тұралап қалған құрылыстың қазіргі таңда қаражаты бөлініп, жұмыстары жалғасуда. Мердігер мекеме «БекетСәтЖол» ЖШС,  тапсырыс беруші Құрманғазы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Құрылыс жұмыстары толықтай жобаға сәйкес жүріп жатыр. Қазіргі уақытта ауа-райының қолайлы болуына (+6,+8) байланысты құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жұмыс өндірісінде қолданылатын материал сапасы мен ауа-райы жағдайында пайдалану мүмкіндігін растайтын тиісті сертификаттар мен жол зертханасының  қорытындылары бар» делінген хабарламада.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  жол тапсырылғаннан кейін мердігер мекеме оның сапасына қатысты 24 ай кепілдік мерзім береді екен. Ал, аудан әкімдігі бұл жұмыстарды тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр.

(сурет  - ашық дереккөзден)