Қазір елімізде IT мамандарға деген сұраныс көп. Өйткені ақпараттық технология күнделікті өмірде үлкен маңызға ие болып отыр. Сондықтан да бұл мамандыққа қызығушылардың да қатары артып келеді. Ал бұл саланы игеріп әкету үшін әрдайым білім мен біліктілік шыңдалып отыруы тиіс. Осы ретте елімізде IT саласын дамытуға арналған Tech Orda бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Astana Hub-тың біріккен қаржыландыру бағдарламасы. Онда оқыған әрбір студентке 600 000 теңгеге дейін грант беріледі.
Атырау тұрғыны Абзал Ерғалиев Tech Orda бағдарламасы бойынша 10 ай бойы қаладағы iBrainCode мектебінде білімін жетілдіріп, бүгінде соның нәтижесін көріп отыр. Ол қазір NCOC компаниясында мұз және гидрометеорологиялық зерттеулер жөніндегі жетекші инженер болып жұмыс істейді.
- Абзал Тілепқазыұлы, Tech Orda курсы туралы қалай білдіңіз?
- Мен ұдайы білімімді жетілдірсем деп ізденіп жүремін. Содан бір күні интернетті қарап отырып, Tech Orda бағдарламасы туралы білдім. Электронды пошта арқылы хабарласып, көп ұзамай оқуға шақырту алдым. Курс ұнады. Сабақ Zoom платформасында өтті. Онда Python, Power BI және басқа да бағдарламалар бойынша дәрістер өткізілді. Біз онда деректермен қалай дұрыс жұмыс істеуді үйрендік. Практикалық сабақтар көп болды. Осы курсты оқыған соң көптеген сұрақтардың жауабын таптым. Білімімді шыңдадым. Енді өз саламда жүйеге енгізіп, пайдаланып жатырмын. Мәселен, компьютерлік жүйелер мен бағдарламалау жүйелерін қолдана отырып, оңтайлы нәтиже алу үшін деректермен жұмыс істеу қабілетім артты.
- Курстың ерекшелігін атап өтесіз бе?
- Курстың бағдарламасы мен әдістемесі ұнады. Бәрі анық, айқын және түсінікті. Мұндай курстар бізге өте қажет. Мен осыған дейін осындай сабақтардың бірнешеуін оқыдым. Бәрі ақылы болды. Бірін түсінсең, енді бірін түсінбейсің. Әр сабақтың әдістемесі болуы керек деп ойлаймын. Өзге курстар сол жағынан ақсады. Ал мұнда оқытушылар мықты болды. Қарапайым тілмен жеткізе білді. Оған қоса Tech Orda-да тегін білім алдым. Тағы бір маңызды нәрсе айтқым келіп отыр. Tech Orda-да тек қана IT-ға қатысы жоқ азаматтар да оқи алады екен. Басқа салада жүрген жастарға мол мүмкіндік берілген. Қысқа мерзімде ІТ-маманы болып шығады. Бұрын бұл саланы меңгеру қиын болса, қазір ақпараттық технологиялар дамыған сайын оңай болып келеді. Бағдарламалаумен күнде айналысу керек. Сонда шеберлік қалыптасып, белгілі бір нәтижеге жетесің.
- Сабақтар қиын болды ма?
- Бізге қойылған талап жоғары болды. Аптасына екі рет сабаққа қатысып жүрдік. Кейін біздің сұранысымыз бойынша аптасына үш рет өтуін сұрадық. Өйткені курсқа деген қызығушылығымыз артты. Бізге дәріс берген Айнұр мен Нұрболатты энтузиаст деп санаймын. Өйткені олар сабақ кезінде бар білгенімен бөлісті, бар ынтасымен оқытты. Оқытушылар оқуға кеңес берген кітаптарды алып оқыдым. Кодттарды қалай жасау керектігін білдім. Жалпы айтқанда курстың берері көп болды. Сабақтың қызық болғаны соншалықты, біз 10 айдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдық. Өте белсенді жұмыс істедік. Менімен бірге оқығандардың біразы ел аузында жүрген компанияларға жұмысқа тұрды.
- Tech Orda бағдарламасы сізге қандай мүмкіндік берді?
- Tech Orda менің өсуіме мүмкіндік берді. Мәселен, менімен бірге оқығандар табысы жақсы жұмысқа орналасты. Ал менің тұрақты жұмысым, қызметім, жеткен жетістігім мен қалыптасқан ортам бар. NCOC компаниясында жұмыс істегеніме 24 жыл болды. Жасым 45-те. Еңбек жолымды қарапайым маман болып бастадым. Қазақ мемлекеттік университетінің «Физика» факультетін, кейінірек Атыраудағы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінің «Мұнай, газ және геология» факультетін бітірдім. Сондай-ақ, Канададағы Калгари университетінде магистратурада оқыдым. Өз білімімді шыңдап, ақпараттық технология күн сайын дамып жатқан кезде өзімді тағы бір ширатып алуға мүмкіндік алдым. Жалпы, Tech Orda жобасының идеясы керемет. Қазір білімді жастар шетелге кетіп жатыр. Ал осы бағдарлама бойынша оқып алғандар туған жеріне қызмет етуде. Болашақта жастарға жол сілтеп, мен де бар білгеніммен бөліссем деймін. Tech Orda бағдарламасы бойынша оқуға шақырамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!
P.S: Tech Orda 2021 жылдан бері Astana Hub базасында жұмыс істейді. Алғаш рет 2021 жылы пилоттық жоба қолға алынып, Қазақстан бойынша 100 студентті қамтыды. Олардың әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілді. Ал былтыр Tech Orda курсын 3 мыңнан астам адам тегін оқыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл да осы көлемде грант бөлінді.
Tech Orda курсында сабақ қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Онда веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн, бағдарламалық қамтамасыз ету, мобильді қосымшалар жасау, Big Data және Blockchain салалары секілді басым бағыттарды қамтиды. Курсты 6 айдан 2 жылға дейінгі аралықта оқуға болады.
Tech Orda бағдарламасы Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандық алуға мүмкіндік береді. Биыл еліміздің 83 жетекші жеке ІТ-мектебі білім алушыларға 219 курс ұсынып отыр.
Эльмира Мықтыбаева