Үш жасар қызын ұрып өлтірген әйел сот үкіміне шағым түсірді

"Ақтауда 3 жасар қызын ұрып өлтірген әйел сот үкіміне қарсы шағым түсірді" деп хабарлайды ATPress.kz "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

8 жылға бас бостандығынан айырылған қаскөй әйел сот шешімімен келіспей отыр.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы баланың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеліп соққан қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарады.

«Сотталушының қорғаушысы істі «ҚР Қылмыстық кодекстің» 106-бабы, яғни, абайсызда адам өліміне алып келу бабы бойынша қайта қарауды сұрады. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот үкімінің заңды және негізді шығарылғанын, үкімді өзгертуге, оның күшін жоюға және апелляциялық шағымдардың дәлелдерін қанағаттандыруға негіз жоқтығын анықтады. Сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды», - делінген Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Еске сала кетелік, қанды оқиға биыл 4 қаңтарда болды. Әйел қызын ұрып, итеріп жіберген. Ішімен үстелдің бұрышына соғылған балада гематома пайда болады. Бірнеше күннен кейін әйел тағы да ашулы күйде қызының ішінен ұрады. Содан кейін қызын үйге тастап, кетіп қалады. Жалғыз қалған бүлдіршін дене жарақаты салдарынан бірнеше сағаттан кейін көз жұмған еді.

Сурет: ашық дереккөздерден