Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда митинг өтті

Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасында жаппай митинг басталды.

Жергілікті тұрғындар конституциядағы өзгерістерге қарсылық білдірді. Нөкіс қаласында қарақалпақ азаматтары талап қойып митингке шықты, деп хабарлайды Экспресс К. Газета.uz-тің жазуынша бұл митинг заңсыз өткен. Ал халықтың пікірінше, бұл өзгерістен кейін Қарақалпақстан Республикасының автономия статусы алынып тасталып, егемен ел болу құқығынан толық айырылады. Өзбекстан ІІМ 1 шілде күні Қарақалпақстан халқы конституциялық реформаға байланысты митинг заңсыз шыққаны туралы ақпарат таратты. Нөкіс қаласы тұрғындарының елеулі бөлігі митинг ұйымдастырып, орталық базар маңында заңсыз наразылық өткізіп жатқанын мәлімдеді. Қоғамдық тәртіптің бұзылмауы үшін және жиналғандар түрлі бассыздықтарға жол бермеуі мақсатында базар маңы аумағына құқық қорғау органдарының өкілдері мен басқа да әскери күштер келді, деді Өзбекстан ІІМ ресми хабарында. Көрші елдің ІІМ қоғамдық тәртіп сақталып, барлығы қалыпқа келгенін де атап өтті. Наразылыққа шыққан халықпен кездесуге Қарақалпақстанның Жоғары Кеңесінің төрағасы Мұрат Камалов келген. Онымен бірге қамауға алынып, кейін халық талабымен босатылған жергілікті қоғам белсендісі Дәулетмұрат та сөз сөйлеген. Халық алдында Мұрат Камалов 5 шілде күні Нөкіс қаласында бейбіт митинг өтетінін хабарлаған. Бұдан кейін халық тарай бастаған.