Көптоғай ауылында жаңа жобалар қолға алынуда

Құрманғазы ауданында жергілікті атқарушы органдар халық алдында есеп беруді үрдіске айналдырды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Осы үрдіспен аудан əкімінің халық алдындағы есеп беру жиыны Көптоғай ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, есеп беру жиынына аудандық мəслихаттың төрағасы Г.Қалиева төрағалық етіп, аудан прокуроры, аудан əкімінің орынбасарлары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары арнайы қатысып отырды.

Көптоғай ауылдық округі әкімі Бауыржан Нұрланұлы өз баяндамасында : «2024 жылдың күні бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсем, ауылішілік көше жарықтарын күтіп ұстау жұмыстары бойынша: ЖК «Yerkin» мердігер мекемесімен келісімшарт жасақталып, қазіргі уақытта ауылішілік 80 дана көше жарықтарын күтіп ұстау жұмыстары толықтай жүргізіліп отыр. Көптоғай ауылынан 48 орындық денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы бойынша «Еділ Строй Сервис» ЖШС мердігер мекемесі болып анықталды. Мердігер мекеме міндеттерін орындамауына байланысты, келісімшарт бір жақты бұзылды. Көптоғай ауылынан сыйымдылығы 20 адамдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарын жүргізуші «А-ІІІ Груп» ЖШС мердігер мекемесі болып анықталды. Жыл аяғына дейін құрылыс жұмыстарының аяқталуы жоспарлануда. Жасталап-Көптоғай елді мекендерінің арасындағы Қиғаш өзені арқылы өтетін көпір мен кірме жол құрылысын салу үшін техникалық экономикалық негіздеме жасақталып, қазіргі таңда қаржы бөлініп, топо геодезия, геология және гидро геология ізденіс жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі таңда «МПК-проект» ЖШС мердігер мекемесімен жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Жобалық-сметалық құжаттаманың аяқталу уақыты 2025 жылдың ақпан айы. Тапсырыс беруші: Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» деді.

Баяндама жасаған ауыл əкімінен кейін мінберге аудан əкімі Абат Жанғалиев көтеріліп, жыл ішінде жүргізген жұмыстары жөнінде есепті баяндамасын жасады. Өз сөзінде аудан басшысы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Ауыз су, жолдарды жөндеу, жарық, байланыс пен білім, денсаулық сақтау, əлеуметтік салаларда атқарылған істерді тізбектей жеткізген аудан əкімі түйткілді проблемалардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешіліп отырғанын да айта кетті.

Жиын соңында аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке сауалдарымен қабылдады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ