Енді бұралқы иттер атылмайды: елімізде жаңа заң күшіне енеді

2 наурыздан бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енеді. Оның ішінде қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, жансыздандыру, вакцинациялау, стерилизациялау және жануарларды есепке алудың қағидалары көзделген. Заң күшіне енген кезде қаңғыбас иттерді аулау тоқтатылады. Енді оларды мемлекет есебінен стерилизация жасау арқылы есепке алу қолға алынбақ.
Атыраулықтар қалада алты жылдан бері қаңғыбас ит пен мысықтарды құтқарумен айналысатын «Доброе сердце» қоғамдық қоры барын жақсы біледі. Осы уақыт аралығында қор еріктілері 300 ит пен 500-ге жуық мысықты жаңа иелеріне табыстаған. Ал қазір қала сыртындағы жалға алынған базаны 250-ден астам үй жануары паналауда. Онда екі жұмысшы олардың тамағы мен суын беру, тұрағын тазалау секілді жұмыстармен айналысады. Бұдан бөлек 15 ерікті қорға жан-жақты көмектесіп жүр.
Сұхбат барысында «Доброе сердце» қоғамдық қорының еріктісі Венера Манасова 2019 жылы Атырау қаласы әкімдігі тарапынан қорға Атырау – Астрахань автожолына жақын маңда 16 сотық жер телімі берілгенін айтты. Қазір оның айналасын қоршау, электр энергиясын кіргізу, су құбырын тарту секілді өзге де жұмыстар жүріп жатыр.
«Қорға құтқарылған, жарақат алған ит, мысықтар әкелініп, медициналық көмек пен қамқорлық көрсетіледі. Сондай-ақ, қала тұрғындары тарапынан адамдарға қауіп төндірген иттерді әкету бойынша қоңыраулар көптеп келіп түседі. Алайда волонтерлердің айтуынша, иесіз қалған үй жануарларының барлығын әкеліп сыйдыру мүмкін емес.
Қазір базадағы ит пен мысықтың 60%-на қор есебінен ақылы клиникаларда стерилизация жасалып, арнайы ен тағылған. Ал, ұрығы жойылған және адамдарға қауіп төндірмейді деген шағын үй жануарлары еркіндікке жіберіледі. Өйткені олардың барлығын шынжырда ұстап отыруға мүмкіндік жоқ» дейді Венера Манасова.
Олай болса, қала ішінде бұралқы салпаң құлақтардың санын азайтудың бір жолы – олардың ұрпақ өрбіту қабілетін жою екені даусыз. Өйткені бір ұрғашы ит жылына 20 күшік балалайды. Енді есептей беріңіз...

                                                        

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА