Атырауда әйелдерді көшбасшылыққа бағыттайтын «Томирис» бағдарламасының іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жоба 50-ге тарта әйел адамды қамтуды көздеп отыр. Жоба қатысушылары бес күн бойы республикалық деңгейдегі белгілі коуч, тренерлердің семинар-тренингінен дәріс алады. Жобаға негізінен кәсібін жаңадан бастаған бизнес-вумендер, квазисектор, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер, тіпті, декреттегі аналар да қатыса алады.
«Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы аясында әйелдер елдің саяси өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейту мақсатында көшбасшылық дағдыларын үйренеді. Бұл туралы облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова баспасөз брифингінде мәлім етті. Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, бағдарлама ұзақмерзімді негізде жүзеге асырылады. Оның шеңберінде қыз-келіншектерді оқыту іс-шараларымен және ақпараттық жұмыспен қамту жоспарланған.
- Бұл бағдарлама өз жұмысын 1 және 20 шілде аралығында құжат қабылдаудан бастап отыр. Жалпы үміткерлерге қойлатын басты талап – жоғары, орта және арнайы білімнің болуы. Сондай-ақ іріктеу кезінде басымдық – кәсібін жаңадан бастаған, мемлекеттік және квазисекторлық құрылымдарда жұмыс жасайтын қыз-келіншектерге, сонымен қатар қоғамда өзіндік көзқарасын қалыптастырған көсбасшы әйелдерге беріледі. Бұл жерде қатысушылардың жеке жетістіктері болуы маңызды және жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Байқау екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – тіркелу кезеңі, екінші кезең – онлайн немесе оффлайн әңгімелесуден тұрады. Қатысушылар қазылар алқасының екі кезеңді бағалауы қорытындысында іріктеледі,- деді Г.Сүйеуова.
«Инфо орталық» қоғамдық берлестігінің төрағасы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, жоба барысында қатысушылар әйел адамдардың отбасы және қоғамдағы көшбасшылық әлеуетін дамыту, ҚР саяси және экономикалық реформалары туралы, жобалық тәсілдер, қаржылық сауаттылық сынды тақырыптарда арнайы республикалық деңгейдегі спикерлермен пікір алмасып, тәжірибе жинақтайды.
- Жоба аясында ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Қатысушылар іріктеу кезеңіне өтпес бұрын «Инфо орталық» қоғамдық берлестігінің электронды поштасына мотивациялық хаттармен қоса, сертификат және дипломдарын жіберуі тиіс. Әр түрлі тақырыптар бойынша оқыту жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, оқыту бес күннен тұрады. Осы күн ішінде 50 адамды оқытып шығамыз, - деді ол.
«Tomiris» ақпараттық-білім беру бағдарламасы облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы мен «Инфо орталық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
«Tomiris» жобасына іріктеу белгіленген мерзімде құжаттардың толық пакетін ұсынған әйелдер қатысады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Өтінім жіберу үлгісі:
1. https://forms.gle/qmmLtuuwXjD5Tyks5 сілтемесі арқылы онлайн-форманы толтыру (БИО сілтемеде көрсетілген).
2. information.center24@mail.ru электронды поштасына «Томирис» тақырыбымен құжаттардың толық пакетін жіберу.