Атырауда биыл 32 адам АИТВ инфекциясын жұқтырған

Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күніне орай, елімізде қарашаның 15 мен 25 аралығында арнайы онкүндік өтеді. Бұл туралы ATPress.kz сайты Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Іс-шараның мақсаты -  әлем халқының  иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін  немесе одан зардап  шеккен адамдарға қолдау көрсетіп, ЖИТС-тен көз жұмғандарды еске алу. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы биыл ЖИТС-пен күрес күнін «Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату. Індетті тежеу» ұранымен өткізгелі отыр.

Жер шарын жайлаған бұл індетті тоқтату үшін  әрбір  адам тең дәрежеде ақпарат алуға, денсаулығын тексеруге, нәтижелі емге  қол жеткізуге, қоғамда толыққанды өмір сүруге құқылы болуы тиіс.

Сондықтан,  АИТВ инфекциясымен күресте әрбір адамды түсінудің маңызы зор.
Онкүндік аясында  медициналық және басқа да құрылымдарда кездесулер өткізіліп, халықты салауатты  өмір салтын сақтауға шақыратын шаралар ұйымдастырылып,  АИТВ-ың алдын алу  туралы ақпараттық-насихат жұмыстары ұйымдастырылмақ.
Айта кетейік, Атырау облысында 1993 жылдан бері АИТВ жұқтырған 400 адам тіркелген. Оның 32-сі биыл анықталып отыр.  Вирус жұқтырғандардың 87 пайызы - 15 пен 49 жас аралығындағылар.  Олардың  әлеуметтік-кәсіби құрамы да әртүрлі: жұмыс жасайтындар, жұмыссыздар,  оқушылар мен студенттер,  мектеп жасына  дейінгі балалар, әскери қызметкерлер, сотталғандар, инемен есірткі тұтынушылар.
АИТВ инфекциясын  анықтаудың жалғыз жолы – барлық емханалар мен  ЖИТС орталығында тегін жүргізілетін  зертханалық тексеріс.  Сонымен қатар,  ЖИТС  орталығында  анонимді  тексеру,  достастық  кабинеті, сенім бекеті, сенім телефоны /21-11-03/ жұмыс жасайды.