Атырауда 96 млн теңгеден астам алимент өндірілді

Биыл алимент төлеуден жалтарып жүрген 53 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Нәтижесінде 96 миллион теңгеден астам берешек өндірілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, күні бүгінге дейін облыс көлемінде жеке және мемлекеттік сот орындаушыларының өндірісінде алимент өндіру туралы 9 мыңнан астам атқару құжаты орындауда жатыр. 

- Қазіргі уақытта балаларына алимент төлемейтін ата-аналар жеткілікті. Былтыр 9564 алимент өндіру туралы құжат қалдықта қалған. Оған биыл 2148 атқару құжаты қосылып, орындауға түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 %-ға артты, - дейді Атырау облыстық әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Ақбөбек Дүсіпқалиева.

Айта кетейік, биыл Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 139 бабы бойынша 3 борышкер кінәлі деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айырылды.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ