Атырау дүкендеріндегі сүт сапасы тексерілді

Атырауда сүт өнімі бойынша алынған сынаманың 48-і белгіленген талаптарға сай келмеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің бас маманы Гүлжамал Джубанышева мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің өнім қауіпсіздігіне бақылау жүргізуі бойынша жыл басынан бері сүт және сүт өнімдерінен 181 сынама алынды. Мақсат - Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері және бірыңғай санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарының сәйкестігін зерделеу.

- Техникалық регламенттеріне белгіленген талаптарға 48 сынама сәйкес келмейді, өйткені сынамадан физико-химиялық көрсеткіштер бойынша және сынамадан таңбалануы бойынша сәйкессіздік анықталды. Бұл өнімнің негізгі үлесі импортталған өнімдерге тиіселі, ол жалпы сәйкес емес өнімнің 26,5 %-ын құрайды. Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, тәртбі түсіндірілді, деді Г.Джубанышева.

Оның айтуынша, сатуға арналған сүт өнімдерінің сыртқы қорабында өнімнің тауар белгісі, таза салмағы, құрамы, партияның нөмірі, сондай-ақ дайындау және жарамдылық мерзімі болуы тиіс. Сонымен қатар, өнімді сатып алу кезінде, оның қауіпсіздігін растайтын құжаттары мен сәйкестігі туралы декларациясы болуы керек. Ал өнімдердің сақталу, тасымалдау ережелерінің бұзылғаны анықталған жағдайда тұтынушы жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарлауға болады.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай Кедендік аумағында сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіз айналымы үшін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2013 жылғы 9 қазандағы №67 шешімімен Кеден одағының «Сүт және сүт  өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті қабылданған болатын.