Түркияның Кония қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарының соңғы күні Қазақстан спортшылары 2 алтын және 4 қола жүлдені жеңіп алды.
68 келіден аса салмақта каратэші, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы Софья Берульцева мен кикбокстан 63,5 келіде бағын сынаған Берік Ысқақов Ислам ойындарының чемпионы атанды.
Сонымен қатар кикбоксшыларымыз Нұрдәулет Қалшора (57 келі) мен Батырхан Қуандық (63,5 келі) пен Шара Хамзина Ислам ойындарының қола медалін иеленді.
Каратэден 61 келі салмақта сынға түскен Әсел Қанаева да Исламиаданың қола жүлдегері атанды. Бұл салмақта жеңімпаз өзбек қызы Зулхумор Тұрсыналиева. Екінші орынды түрік Гүлбахар Гезюток иеленді. Екінші қола жүлдені Вафа Манджуб (Тунис) алды.
Осылайша Қазақстан құрамасы бұл жолғы Ислам ойындарын 27 алтын, 23 күміс және 39 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте бесінші орынмен қорытындылады.