Тұңғыш рет тарихта Атырау облысының құрамасы өрт сөндіру-құтқару спортынан қысқы ХХХ чемпионатта үздік атанды.
2022 жылдың 23 ақпанынан бастап Өскемен қаласында XXX ерлер қысқы чемпионаты, VIII әйелдер және VII жасөспірімдер чемпионаты басталды, оған республиканың барлық аймағынан 18 ерлер командасы, 13 жасөспірімдер және 11 әйелдер командалары қатысты. Атап айтсақ, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған 400-ден астам спортшы кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында адам өмірін құтқару кезінде дағдыларын жетілдіру бойынша бақ сынады.
Сайыстың алғашқы күні оқу мұнарасының 4-қабатына шабуыл сатысымен көтерілу сайысынан басталды. Бұл жарыс өрт сөндіруші спортшылардың физикалық дайындығы өте жоғары екенін көрсетті. Осылайша, тұңғыш рет өрт сөндіру-құтқару спортынан жалпыкомандалық есепте Атырау облысының құрамасы чемпион атанды.
Жеке жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Атырау облысының аға жаттықтырушысы, оқу мұнарасының 4-қабатына шабуыл сатысымен көтерілу сайысынан 9 дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы Қайсарбеков Жасұлан екінші орынға ие болды. Сонымен қатар, доданың екінші күнінде жерлесіміз Мағау Нұралы кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту сайысында жоғары нәтиже көрсетіп, жартылай финалда бақ сынады.
Айта кетейік, бұл додада аймақтың намысын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті гарнизонынан 26 спортшы, яғни, 12 ер, 7 әйел адам және 7 жасөспірім қорғауда. Оның ішінде Қазақстан Республикасының рекордсмендері және республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.