Қазақстан құрамасы бүгін Италиямен кездесті.
Алғашқы минуттан алаңға Игита, Тайнан, Тұрсагұлов, Дуглас, Оразов бестігі шығады.
Ойын барысында оларды Атантаев, Карағұлов, Эдсон, Валиуллин, Кнауб, Тоқаев, Сағындықов алмастырды.
Ойынның 5-минутында қазақстандық Біржан Оразов мергендік танытса, 8-минутта Азат Валиуллин есепті үстемелей түсті. Оған 12-минутта Дуглас Николоди бір голмен жауап қайырды. Екінші кезеңнің 30-минутында Біржан Оразов бүгінгі кездесудегі екінші голын соқты. Ал 38-минутта қазақстандық құрамадан Дуглас Жуниор қорытынды есепті белгіледі.
Кездесуде Қазақстан қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ, В тобында бүгін Словения және Финляндия құрамалары шеберлік байқасты. Кездесуде финляндиялық футзалшылар қарсыласын 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша В тобында 7 ұпаймен Қазақстан бірінші орын алса, 4 ұпаймен Финляндия — екінші орында. Аталған құрамалар ширек финалға жолдама алды.