Арман Қошқаров пен оның бүркіті Нарын республикалық «Жетісу салбұрыны – 2025» турнирінде бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Наурыз мерекесі аясында Талдықорған ипподромында биыл алғаш рет өткен республикалық «Жетісу салбұрыны – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Жарысқа Астана, Алматы қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Абай, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген ең үздік бүркітшілер қатысты. Жалпы, турнирге 12 команда келді. Сайыста 51 бүркіт, 7 сұңқар және 15 қаршыға бақ сынады.
Турнир екі күнге созылды. Бірінші күні жарыс бүркіттердің өнерімен басталса, екінші күні үздіктер қатарынан көріну үшін аңшы қаршығалар мен сұңқарлар сынға түсті.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші турда құс алыстан иесінің дауысын естіп, оның қолына қонуы тиіс болды. Екінші кезеңде жыртқыш құс шартты түрде белгіленген олжаны қуып жетіп, оны қашып құтыла алмайтындай етіп алуы қажет болды. Құсқа арналған жемтік ретінде түлкінің чучелосы пайдаланылса, кейбір жыртқыш құстарға тірі көгершін берілді, олар оны ұшып бара жатып алу керек еді.
«Сайыс өте жоғары деңгейде өтті, қарсыластар мықты болды. Біз Нарынмен бұл турнирге күнделікті екі рет, қаладан тыс жерде табиғи жағдайда дайындалдық. Әр жаттығу 3–4 сағатқа созылды. Дайындық кезінде ауа райын, ұшу барысындағы әр секундты, сондай-ақ бүркіттің көңіл-күйін ескеру маңызды – оның ұшқысы келе ме, жоқ па, соны сезіну керек», – деді Арман Қошқаров.
Турнир қорытындысы бойынша «Бүркіт» номинациясында Арман Қошқаров алтын жүлдеге ие болды.
Барлық жеңімпаздарға Кубоктар мен мақтау қағаздарымен қатар қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, Арман Қошқаров бұған дейін де республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған. Өткен жылы Көшпенділер ойындарында ол үшінші орын иеленген. Жалпы, ол еліміздегі үздік бүркітшілер қатарынан 22 рет көрінген. Сонымен қатар, 2024 жылы ол «Жыл рекордшысы» номинациясын ең көп жеңіске жеткені үшін жеңіп алды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ