ATPress.kz. 6 қыркүйек. Атырауда ертең парадзюдодан халықаралық турнир басталады. Мұнайшылар күніне орайластырылған байрақты бәсекеде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Оңтүстік Корея және АҚШ құрама командалары сынға түседі.
Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Гран При Қазақстан-2017» атты халықаралық турнирге 8 мемлекеттен елуге жуық парадзюдошы қатысады деп жоспарлануда. Ал, Қазақстанның намысын 13 спортшы қорғайды. Оның ішіндегі жетеуі атыраулық палуан.
Осы орайда облыстық парадзюдо федерациясының бас бапкері Жандос Қиянов атыраулық спортшылардың жарысқа мықтап дайындалғанын айтады. «Халықаралық турнирге қатысатын жерлестеріміздің қатарында әлем чемпионатының қола жүлдегері Әнуар Сариев, биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Теміржан, Қазақстан чемпионы Ғалымжан Ахметов және тағы басқалары бар», - деп атап өтті Жандос Қиянов.
Айта кету керек, жарысқа төрелік етуге халықаралық зағиптар спорттық ассоциациясының Азия және Мұхитаралық спорт директоры, кореялық Джон Врайн Сикое мен осы қауымдастықтың төрешілер директоры, жапондық Кеничи Шошидо арнайы шақырылыпты.
Шын мықтылар анықталатын дүбірлі бәсеке 7 қыркүйек күні сағат 10.00-де басталады. Өтетін орны: Мұз айдыны сарайы.
Жерлес спортшыларға қолдау көрсетейік!
Айдос Қарабала