Құрманғазы ауданында ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдындағы кезекті есептік кездесулері басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы апта басында Еңбекші және Мақаш ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, ауыл әкімдерінің тоқсан бойынша атқарылған жұмыстарын тыңдады.
Алдымен Еңбекші ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында ауыл әкімі Жасқайрат Хамзин жасалған жұмыстарды баянат етті.
«Шешімі табылмай келген мәселенің бірі Кадырка ауылында орналасқан зираттар қорымын қоршау болатын. Зираттар қорымын қоршау жұмыстарына облыстық трансферт есебінен қаржы бөлініп, қазіргі уақытта қоршау жұмыстары толықтай аяқталды. Келесі мәселенің бірі Жұмекен, Дәулеткерей ауылдарына берілетін таза ауыз су желісі «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су ағызғысына қосылып, тұрғындарға сапалы ауыз су берілуде. Мемлекеттік бюджеттен Қошалақ ауылына ауыз су тарту үшін жобалау сметалық құжаттар жасақтауға 2356,0 мың теңге қаржы бөлініп, «STROYCONS ALTING» ЖШС жеңімпаз болды. Қазіргі таңда жобалау сметалық құжаттары жасақталуда. Кадырка және Дәулеткерей ауылдарына «Nomad» құрылыс компаниясы балалар ойын алаңын және жазғы футбол алаңының құрылысын жүргізіп жатыр, жыл аяғына дейін аяқтау жоспарлануда» деді өз баяндамасында ауыл әкімі.
Кестеге сәйкес кезекті есепті кездесуді Мақаш ауылдық округі әкімі жалғастырды.
- «Намат» құрылыс компаниясы арқылы ашық стадион құрылысы басталды. Афанасьев бекетіне дейінгі кірме және ауылішілік жолдарға тас жол төсеу үшін жобалық сметалық құжаттарын жасақтауға ұсыныс берілді. Афанасьев бекетіндегі темір жол вокзалын қайтадан пайдалануға беруге аудан әкімдігіне және вокзал маңына жарық шамдарын орнатуға аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне ұсыныс хат жолданды. Осы жылдың 1 қазанынан бастап «Авто-Мобиль М» ЖШС мекемесі арқылы халықты тасымалдауға қосымша автобус қосылды, қазіргі таңда 2 автобус халыққа қызмет көрсетуде, -деді тұрғындар алдында баяндама жасаған ауыл әкімі Бауыржан Қадыров.
Екі ауылдық округте де тұрғындар өздерін толғандырған өзекті сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.
Аталған округтердегі жиынға арнайы қатысқан аудан басшысы Абат Жанғалиев жиылған халықты ауылдық округтерде атқарылмақ жоспарлы жұмыстардан хабардар етті.
Сонымен қатар, жиын соңында аудан әкімі ауылдық округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.