Новобогат бекінісі туралы тың дерек пайда болды

Новобогат бекінісінің нақты қай жылы пайда болғаны туралы дерек жоқ, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Елді мекен туралы алғашқы дерек Орал әскери казактарының дистанцияларының 1841 жылғы картасында «кордон Богатинской» атауымен кездеседі. Бұл туралы Тарихи-мәдени Мұраны Зерттеу Орталығы хабарлады. Біздің ойымызда Новобогат Каспий теңізіндегі «Богатой Култук» шығанағының атауына байланысты шыққан. Шығанақтың атауы – ол жердегі балықтың мол қорына орай қалыптасқан.
ХІХ ғ. 60 жж. бастап кездесетін бірқатар құжаттарда бекініс атауынан «Ново» сөзі алынып қалып, Богатинск ретінде жазылады. 1862 ж. дерек бойынша Гурьев дистанциясының құрамына кіретін Богатинск бекінісінде 117 адам тұрды. 1896 ж. Сарайшық станицасына қараған Новобогат кентінде 30 үй болып, кенттік әкімшілік пен 2 сауда орыны жұмыс жасады. 1913 ж. 50 үйдегі тұрғындар саны 193 адамға жетті.
ХХ ғ. алғашқы онжылдықтарынан бастап кенттің жанынан мұнай көзін барлау жұмыстары басталды. Алғашқы барлау және бұрғылау жұмыстарын ағайынды Нобельдер жүргізгенімен де нәтиже болмады. 1913 ж. бастап Новобогатта Батыс-Орал мұнай өндірістік қоғамы өз жұмысын бастайды.
1915 ж. дерекке сәйкес Новобогат мұнай барлау кәсіпшілігі Яков Вишаудың иелігінде болған. Барлау жұмыстарының аумағы әрбіреуі 37,5 десятина болатын, 50 учаскені құрған. Аталған уақытта бұрғылау жұмыстарына 22, қосымша 16 адам тартылды. Олардың ішіндегі 2 инженер-технологтың 1-уі Ұлыбританиялық болса, бұрғылау шеберінің 4-уі АҚШ-та орта білім алғандар болды. Барлау жұмыстары кентке жақын болғандықтан барлық жұмысшылар кенттегі өз үйлерінде тұрды. Тек кәсіпшілік әкімшілігі мен кеңсесі кентте жалға алынған үйде орналасты.
1915 ж. 23 шілдесінде Новобогат учаскесіндегі мұнай мен газдың қатты бұрқағы атқылайды. Дегенмен, оны тасымалдайтын қаржының жоқтығынан ол тоқтатылады. Келесі мұнай фонтаны 1916 ж. маусымында ағайынды Нобельдердің өндірісінде орын алды. 1916 ж. есеп бойынша Новобогаттан 50000 пұт мұнай өндіріліп, кенттен Каспий теңізіндегі Бабинск айлағына мұнай құбырын тарту үшін дайындық жұмыстары басталады. 1917 ж. мәліметке жүгінсек, Батыс-Орал мұнай өндірістік қоғамы бұрғылау жұмыстарымен айналысқанымен де, мұнай өндірмеген.
Қазіргі уақытта Новобогат бекінісінің орынында Исатай ауданының Х.Ерғалиев ауылы орналасқан.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ