Жүгерінің собығын жемге пайдаланса, сабағын төрт-түлікке бермек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың қатысуымен өткен Махамбет ауданы Ақжайық ауылындағы ауылшаруашылық мамандарының облыстық семинарында белгілі болды, деп хабарлайды Ат
Жүгері өсірудегі суару әдісі мен соңғы технологияларға негізделген құрал-жабдықтарды «Дастан» шаруа қожалығының мамандары өзге ауданнан келген шаруаларға таныстырып, тәжірибе алмасты.
- Биыл жауын-шашынның көп түсуіне байланысты мал азығының 80-90 пайызы облыс аумағында дайындалып жатыр. Оған қоса жергілікті климатқа байланысты екпе шөп егу жұмыстары жолға қойылды. Бүгінде облыс бойынша 3800 гектарға жуық жерге екпе шөп егілді. Оған қызығушылық танытып отырғандардың саны да артып келеді. Салаға мемлекеттен субсидиялар да беріліп жатыр, деді Қ. Нұрлыбаев.
Қазір тамшылатып суару әдісі бойынша облыста «Дастан» шаруа қожалығы көш бастап тұр. Мұндағы 15 жылдық тәжірибесі бар егіншілер екі жыл қатарынан сынақ үшін тамшылатып суару технологиясымен 5 гектар аумаққа тұқым сепкен. Өнім бітік шығып, әр гектардан 400 центнер «Пионер» сортындағы жүгері жинаған. Олар 2023 жылдан бастап егістік алқабын кеңейтіп, 15-20 гектар жерге жүгері егуді жоспарлап отыр.
- Көршілес Ресейдегі тамшылатып суару әдісі арқылы жүгері өсіретін шаруалармен тығыз байланыстамыз. Солармен тәжірибе алмасып, біліктілігімізді арттырып келеміз. Бұл технологияны қолданған кезде су дақылдың тамырына тікелей барады. Осылайша өнім алу көрсеткіші де ұлғаяды. Алғаш еккеннен-ақ мол дақыл беруі – жеріміздің агротехникалық талапқа сай, ойдағыдай өнім жинауға мүмкінді мол екенін аңғартады. Оған қоса, жүгері бұрын егін егілген жерге жақсы өседі. Әзірге дақыл аз көлемде болғандықтан қол күшімен жиналды. Алайда, өнім саны артса, комбайн мен арнайы техникалар қажет болады, деді «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов.
Қ. Ермановтың сөзінше, жүгері егуге мал азығының тапшылығы әсер етіпті. Айта кетейік, «Дастан» шаруа қожалығының нақты егін көлемі 115 гектарға жуық. Оның 90 гектарында бақша дақылдары, 18 гектарында картоп, 5 гектарында жүгері өседі. Мұнда егін шаруашылығынан бөлек, құс шаруашылығы да қатар дамып келеді.