Ынтымақ пен берекенің, татулық пен бірліктің мерекесі саналатын, қыстан аман шыққан елдің Көрісу мерекесіне орай аудан әкімі Марат Мурзиев Құрманғазы ауылдық округінің үлкен қарияларына сәлем беріп, көрісті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алдымен аудан басшысы ауылымызда жасы 95-ті еңсерген, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ерте жастан еңбекке араласқан, кейуана Мақанзия Есмұханқызының шаңырағында болды.
Мақанзия апа 1928 жылы Ноғайбай кеңесі, Буденный кеңшары жерінде дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, жас болса да кеңшардың ауыр жұмыстарына ерте араласып, мал бағу, пішен науқандарында еңбек еткен.
Сұм соғысты әлі күнге дейін санасынан өшірмеген әжеміз өткен күнге көз тастап, меймандармен ескірмеген естеліктерімен бөлісті. Шаңырақтың ұл-қызы, келіндері ақ дәмін ұсынып, әжей көрісе келген аудан басшысына ақ батасын берді.
Сонымен қатар, аудан әкімі ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Құлзайыр Құрманғазиевтің де шаңырағында болып, көрісіп қайтты.
90 жастан асқан ақсақал Теңіз ауданы, Бұйырғын ауылында дүниеге келген. 15 жасында еңбекке араласқан қария ауданымыздың ең ірі кәсіпорыны болған «Денгиз Нефте база» мекемесінде бас механик болып қызмет атқарған.
Аудан басшысымен дидарласқан қария ризашылығын айтып, батасын берді.