Атырауда алғаш болып Геолог емханасы МӘМС туралы ақпараттарды смс-хабарлама түрінде таратуды қолға алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы емхананың баспасөз хатшысы Әлішер Талғат айтып берді.
«МӘМС пакетіне кіретін қызмет түрлерімен қатар, «сақтандырылмаған» тұрғындарға да жан-жақты ақпараттар берілуде. Бұл идея жазда бастау алды. Емхана басшылығы әлі күнге дейін «сақтандырылмаған», скринингтік тексеруден өтуден қалыс қалатын немесе «Д» есептегі науқастардың уақытылы тексерілмеу мәселесін шешуді тапсырды. Сөйтіп, әлеуметтік желілердегі ақпараттар жаңартылып, Whatsapp боты іске қосылды. Боттың көмегімен келген шағым-өтініштерді жіктеп, арнайы топты таңдау арқылы түскен хабарламалар іріктеліп, оларға автоматты түрде шұғыл жауап беру мүмкіндігін алдық. Үш айда 1 мыңға жуық хабарламаны өңдедік. Кейін осы ботты Telegram және Instagram желілеріндегі дайрект жүйелеріне қосып, оңтайландыру жұмыстарын жасақтауға кірістік. Қазанның ортасында іске қосылған sms орталықтың көмегімен сақтандыру қорынан ай сайын түсетін «сақтандырылмаған» мәртебесі бар тұрғындардың ұялы байланыс телефондарына geologpolkz идентификаторы арқылы хабарлама жіберуді қолға алдық» дейді ол.
Сондай-ақ, кең жолақты, көпканалды call орталық ашу да жоспарда бар екен. Енді iOs және android қосымшасы бар телефонға жүктеп алуға болатын жаңа бағдарлама қарастырылып жатыр.