Атыраулық полицей туралы фильм түсірілді (+ВИДЕО)

Белгілі журналист Нартай Аралбайұлы қолға алған еңбек адамдары туралы 20 фильмнің біреуі атыраулық полицейге арналған, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Бүгінгі кейіпкеріміз - Ораз Тәжікен. Атыраудың тумасы, полиция капитаны. Елдің есі шығып кететін сәттерде байсалды қалпынан айнымаған азамат. 2015 жылы толғақ қысқан жүкті әйелді перзентханаға алып ұшып жеткізген, 2018 жылы өмірден баз кешіп көпірден секірмекші болған қызды құтқарған, 2019 жылы өртке оранған автокөлікті сөндіріп, ішіндегі жүргізушіні далаға шығарып аман алып қалған. 2021 жылы суицид жасауға оқталған 8 баланың әкесін райынан қайтарып, көпірден көтеріп шыққан полиция қызметкері. Құқық қорғау саласында 13 жылдық тәжірибесі бар. Ең қызығы, Ораз Тәжікеннің арқасында 2015 жылы перзентханаға жедел жетіп үлгерген отбасы дүниеге келген ұлының есімін полиция қызметкеріне арнап Ораз деп қойған" дейді белгілі журналист.