Атырауда мұнай мен балықтан басқа да қызық бар...

Мамандар Атырауда туризмді дамытуға қаражат тапшы екенін айтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауға сапарында жетінші бағыт ретінде туризм саласын дамыту керектігін көрсетіп, арнайы тапсырмалар берген болатын. Сол бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жалпы, мұнайлы мекенді тамашалауға талпынатын туристер көп пе? Жыл санап Жайыққа жұтылып бара жатқан жауһарымыз – көне Сарайшық қаласы қалай қорғалуда?

Біздің өлке тек «қара алтын» мен «қызыл балықтың» отаны ғана емес. Мұнда таңғажайып тарихи және табиғи орындар да жетерлік. Мәселен, Махамбет ауданында Сарайшық қаласы орта ғасырдан сыр шертсе, Жылыойда Иманқара үңгірі, Ақкегершін бор тауы мен Ақмешіт қорымы құпиясын ішіне сақтап тұр. Ал, Аралтөбеден «алтын адам» қол бұлғап тұрғандай. Сол сияқты, Қиғаш өзені бойындағы қайталанбас лотос гүлдері қараған көздің жауын алады. Сондай-ақ, Индердегі Тұздыкөлдің қасиетті қара балшығы талай жанды ауруынан айықтырғаны белгілі. Тек бір өкініштісі, аталған аумақтарға барып-келу оңайға түспей тұр... Себебі, жол жоқ. Иә, мұнайы ағылған мекеннің жолдары жабылған. Неге? Біз мұны облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасынан сұрастырып көрген едік.

– Аймақтың өзінің экономикалық даму жоспары бар. Оған туризм саласы бойынша тоғыз инвестициялық жоба енген. Бүгінге дейін соның төртеуі жүзеге асырылған. Атап айтсақ, «Нұрлы тау» этноауылы ашылды, Қиғаш өзені бойында балық аулауға арналған туристік базалар іске қосылды және көне Сарайшық қаласы маңынан салынып жатқан визит-орталықтың құрылысы 90 пайызға бітіп тұр. Туристік нысандардың басым бөлігі кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынады, - дейді мамандар.

Статистикаға көз жүгіртсек, кәсіпкерлердің туризм саласына құйған инвестиция көлемі 2020 жылы 21 миллиард теңгені құраса, былтыр бұл көрсеткіш 27 миллиардқа жетіп отыр. Ендеше, сұраныс бар деген сөз. Енді бел шеше іске кірісу керек.