Атырауда әр жолаушымен жылы амандасатын автобус жүргізушісі ел ықыласына бөленді (+видео)

Әлеуметтік желіде ел ықыласына бөленген № 59 қала маңы маршрутының көркем мінезді жүргізушісімен ATPress.kz тілшісі тілдесті.

- Біз бір-бірімізге жақсылық жасауды күрделі нәрсе санаймыз. Ал, расында олай емес. Пайғамбарымыз өсиеттерінің бірінде: «Сендердің бір-бірлеріңе күлімдей қарап, сәлемдесулеріңнің өзі садақа болып есептеледі» деген екен. Күн сайын айналаңдағы адамдарға жылы қабақ танытып, жадырап жүргенге жететіні жоқ, - дейді жүргізуші Сансызбай Ниғматуллин.

 

Бұған дейін №58 маршрутты тізгіндеген автобус жүргізушісін қоғамдық көлікпен жиі қатынайтындар жақсы таниды.

Оны бұл көркем мінезге тәрбиелеген қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың хадистері екен.

 - Таңертең үйден шығарда Алла разы болар игі істер жасауды ниет қыламын. Менің ертеден кешке дейін кездесетін және жұмыс жасайтын адамдарым жолаушылар болғандықтан, үлкен-кіші демей, барлығының көңілін табуға тырысып тұрамын, - дейді жүргізуші.

Ол бұл әрекетін исламның игілігінен деп түсіндірді.

- Алла Тағала Құранда «Менің сәлемімді таратыңдар» деген. Атамыз қазақ та «Сөз атасы – сәлем» деп дәл айтқан. Адамдармен жақсы мәміледе болу - мұсылман адамның сипаты дейміз ғой. Ендеше қай жерде болмасын, біз бір-бірімізге мейірімді болуымыз керек. Ал мейірімділіктің басы – сәлемдесу, алғыс айту, кешірімді болу. Мен осы құндылықтарға мән беремін. Оны біреу мақтасын немесе атымды шығарайын деген пиғылда емес, шынайы Алланың разылығы үшін жасаймын және қасымдағы әріптестеріме де үлгі ретінде айтып жүремін, - дейді ол.

 Қоғамдық жерде бәрінің бірдей көңілінен шығу оңай емес екені де белгілі.

  «Тіпті, жөнсіз талап қойып, себепсіз сөгіп кететіндер де көп» деген жүргізуші ондай сәттерде де сабырлы болуға тырысады екен. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді ғой, не де болса, адамдардың көңіліне тимеу қажет. Әріптес інілеріме де ағалық ақылымды айтудан жалыққан емеспін. Қоғамдық көлік болған соң бұнда әртүрлі адам отырады. Біреуі шаршаңқы, бірінің көңіл күйі болмауы мүмкін дегендей. Түрлі себептерге байланысты автобустардың да келер уақыттан кешігуі жиі кездесіп жатады. Сондайда түсіністік танытуларын сұрап, ренжіген жолаушыларды сабырға шақыру керек болады» дейді жігіт ағасы.

 

Жүргізуші әріптестерінің арасында да абыройлы. Ел ықыласына бөленген азаматты "Ақжайық" автопарк басшылығы да жолаушылармен болған жақсы қарым-қатынасы үшін алғыс хатпен марапаттап, ақшалай сыйлық ұсыныпты.

 - Сансызбай Ниғметуллин - алғыс арқалаған азамат. Оның өзгелерден өзгешелігі сол - жолаушылардың бәріне амандасып, сәттілік тілеп, үнемі жақсы сөзін арнайды. Өте сыпайы әрі жауапкершілігі жоғары. Көпшілік бар жерде кемшілік те бар. Шыны керек, кей кездері жолаушылар тарапынан жүргізушілердің үстінен шағым түсіп жатады. Бірақ, соның ішінде осы Сансызбай әріптесіміз туралы жағымды пікірлер ғана естиміз,- дейді дейді желі диспечері Жанат Ермекова.

 Сансызбай аға бүгінде №59 маршрутқа ауысқан. Бұндағы жолаушылар да бірер ай шамасында пайда болған жылы жүзді жүргізушіге бауыр басып үлгергенге ұқсайды. Оны ет жақынын көргендей елжірей амандасқандарынан-ақ білуге болады.

 - Бұл жігітті сыртай білемін. «Кішіпейіл, халықпен етене жақын» деп естуші едім. Осы бағытқа жүретін автобуспен жұмысқа қатынайтын балаларым, қызым бар. Олар үнемі осы азамат туралы айтып жүреді. «Жолаушыларға сәт сапар тілеп отырады. Әр аялдаманы қалт жібермей хабарлайды, үлкенге де кішіге де кұрметі ерекше» деп мақтап келетін. Бүгін бірінші рет бетпе-бет көріп отырмын. Көптің көңілін табу жалғыз адамға оңай емес. Бұл жігітке ризамыз. Өз басым бұндай жайсаң мінезді жүргізушілерді бұрын көрмеппін. Осындай азаматтар көп болса екен, - дейді қала тұрғыны Мұрат Тұрғалиев.