Атырауда 6 жылға жуық бос тұрған ескі мектептің орнында құрылыс жұмыстары басталды

Облыс орталығында 2017 жылы апатты деп танылған №1 Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ATPress.kz.

Қаладағы бұл білім ұясы жұртшылыққа №1 Ленин атындағы мектеп ретінде жақсы таныс. Ғимараттың негізі 1935 жылы қаланып, емхана болған деседі. Ал 1950 жылдан бастап мектеп ретінде пайдалануға беріліп, апатты деп танылған уақытқа дейін балалар екі ауысымда білім алып келді. Онда оқитын оқушылар 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап №18  Хиуаз Доспанова атындағы мектепке уақытша ауыстырылды.

Бұл оқу орнының тағдыры ұзақ уақыт белгісіз болды. Биыл шешімі табылып, шілде айында құрылысы басталып кетті. Атырау облыстық құрылыс басқармасының әлеуметтік инвестициялық жобалар бөлімінің жетекшісі Күлән Кулбаеваның айтуынша, алғашында жобалық-сметалық құжат қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 160 орынға жасалыпты. Алайда, ата-аналар мен белсенді азаматтардың қарсы болуына байланысты ЖСҚ қайта жасалып, жаңа білім ұясы 300 оқушыны қабылдай алатын болды. Қарсы болғандардың айтуына қарағанда, мектеп орталықта орналасқан және айнала-төңіректе баласын сонда оқытқысы келетін ата-ана көп.

- Халық тарапынан осындай шағымдар көп болғандықтан, жобалық-сметалық құжат қайта  жасалып, наурыз айында бітірдік. Мұнан соң ескі мектеп толық бұзылып,  жаңа ғимараттың құрылысы шілде айында басталды. Қазіргі кезде жұмыстың 15% орындалды. Бөлінген қаржы шамамен 2 миллиардқа жуық, - дейді К.Кулбаева.

Мектептің құрылысы «Теңізшевройл»  ЖШС-ның «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аясында жүріп жатыр. Мердігер компания «ARSM» ЖШС. Құрылыс басына барғанымызда бізді осы серіктестіктің техникалық директоры Таутас Шарипов қарсы алып, жұмыс барысымен таныстырды.

-  Мектеп 4 блоктан тұратын екіқабатты ғимарат болады. Айта кетейін, нөлінші және техникалық қабаттары да қарастырылған. Қазір екі блогын салынуда. Бүгінде бетондау жұмыстары жүріп жатыр. Қазір мұнда 57 адам жұмыспен қамтылған. Бетон құятын адамдардың өзі бір бригада. Мектеп монолитті каркастан салынады. Сондай-ақ, мұнда футбол алаңы, жүгіру жолы, бастауыш сынып балалары ойнайтын екі алаңша болады, - дейді Т.Шарипов.

Мердігердің 20-дан астам техникасы мен тұрақты түрде жұмыспен қамтылған 80-нен астам жұмысшысы бар. Құрылыстың ауқымына қарай адам саны да арта береді. Қазір онда 3 автокран, 3 GCV экскаватор, бетон құятын 7 миксер және басқа да техника іске жұмылдырылған. Айтпақшы, жұмыскерлердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар.

«ARSM» ЖШС-нің бригадирі Сәндібек Тұрсыновтың құрылыс саласында тәжірибесі мол. Ол күн сайын құрылыс барысын бақылап, кемшіліктің орын алмауына жол бермейді. Оған қоса, жұмысшылардың  техникалық қауіпсіздігі де басты назарда.

Сұхат барысында техникалық директор Таутас Шарипов «қыс мезгіліне дейін мектеп қабырғасын көтеріп, төбесін жауып және жылу кіргізіп алсақ» дейді.  

Құрылыс барысында таңғы сегізден кешкі жетіге дейін құрылысшылар тыным таппай еңбектеніп жүр. Өйткені алға қойған меже бар. Ол – мектеп құрылысын келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін балалардың игілігі үшін сақадай сай етіп аяқтау.