Алты тіл білетін диктор вокзалда жұмыс істейді

Елордадағы теміржол вокзалында алты тіл білетін қызметкер диктор болып жұмыс істейді. Ол жолаушыларға пойыздар кестесімен қатар, қауіпсіздік ережелерін де хабарлап отырады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

6 тіл білетін қызметкер жайлы бейнесюжет “Еуразия” телеарнасында шықты. Дерекке сүйенсек, Таңшолпан Ерболқызы вокзал жолаушыларын қажетті ақпаратпен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құлағдар етіп отырады. Бұдан, бөлек тағы бірнеше тілде еркін сөйлей алады. 

“Ол тілдерден бөлек, түрік, башқұрт, татар тілдерін білемін. Өзбек тілін де білемін. Мен Башқұрт мемлекетінің астанасы Уфаға магистратураға оқуға түстім. Әр мемлекет өз тілін құрметтейді ғой, сол себепті мен де өзге тілге құрметпен қарап тілді үйрендім”, –  дейді Таңшолпан. 

 

ФОТО: 1tvkz

Маманның айтуынша, теміржол вокзалында тіл білуден бөлек, дикцияның да үлкен маңызы бар. Өйткені жолаушыларға жағымды дауыс маңызды дейді. 

“Негізі бұл тілдерде хабарлама айтылмағанымен, жол таппай қиналған қонақтарға көмегі көп тиеді. Өйткені вокзалда басқа ұлттың адамдары жиі келіп-кетіп жатады ғой. Әріптестерім хабарласады, ал мен қажетті ақпаратын білу үшін аударып тұрамын. Олар өз жолдарын тапқанына көңілдері марқайып, алғыс білдіреді”,  –  деп қорытындылады өз сөзін вокзал дикторы.