Тұрғындарға тегін құқықтық көмек берілді

«AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында қала тұрғындарына заңгерлер тегін кеңес берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі Өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы «Құқықтық көмек» партиялық жобасы шеңберінде заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек беруді ұйымдастырады. Яғни, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмектесіп, тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңестер береді.

- «Құқықтық көмек» жобасы былтырдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Өткен жылы қаңтар айында партия төрағасы Ерлан Қошановтың Атырау өңіріне сапары кезінде Исатай ауданынан бастау алған болатын. Содан бері жыл бойына мұндай жиын 27 рет ұйымдастырылды. Мақсатымыз - әсіресе халықтың аз қамтылған, осал топтағы адамдарына тегін құқықтық кеңестер беру. Кез-келген адам заңгердің ақылы кеңесін алуға мүмкіндігі бола бермейді, сол үшін «AMANAT» партиясы Атырау облысындағы заңгерлер одағымен, адвокаттар алқасымен және медиация орталығымен ынтымақтастық меморандумы негізінде тегін құқықтық көмектер көрсетеміз. Өткен жылдан бері 127 адам тегін кеңес алды, оның 20% жуығы оң шешілді. Көп балалы аналарға, 1 және 2 топ мүгедектеріне «Pro bono» көмегін көрсетеміз,- деді «AMANAT» партиясының Атырау облысы филиалының Қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақтолқын Ахметжанова.

Оның айтуынша, тұрғындардың көпшілігі жеке сот орындаушының іс-әрекетсіздігіне, алимент мәселесіне, көршімен арасындағы жағдай бойынша, еңбек дауына қатысты және тағы да басқа мәселелермен шағымданады екен.