Үш ұрпаққа жалғасқан полицейлер әулеті елді сүйсінтті!

Атырауда бір емес, бірден үш буынға жалғасқан полицейлер әулеті тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Отбасылық еңбек династиясы әрқашан дәстүрдің сабақтастығын сақтаудың бейнесі. Бір атадан туып, өсіп-өніп, берекелі ғұмыр кешкен, әрі бауырмалдық ізгі дәстүрлері берік қалыптасқан әулетте жауапкершілік пен жанкештілікті ту еткен полицейлер династиясы сирек емес. Сол секілді көпке үлгі болған тәртіп сақшылары династиясының іргесін қалаған адам ретінде толағай тұлға Тыл және ішкі істер органдарының құрметті ардагері милиция подполковнигі Сәлім Иманғалиев 1916 жылы Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1944 жылы Мақат аудандық милиция бөлімінің жедел уәкілі , Мақат, Есбол, Жылыой аудандық милиция бөлімдерінің, облыстық күзет бөлімінің бастығы лауазымдарында абыроймен қызмет атқарған. ІІО ардагері адал еңбегінің арқасында абырой, беделге ие болып, полиция подполковнигі шенімен 1974 жылы зейнетке шыққан.

Қызметін аса байыптылықпен атқарған сала ардагері «Германияны жеңгені үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталған.

«Жақсының аты өлмейді» демекші ІІО және ҰҰ ардагерлері ҚК Атырау облыстық филиалының ұсынысымен құрметті ардагер Сәлім Иманғалиев құрметіне Атырау қаласындағы Махамбет көшесі 114-үйде мемориалды тақта ашылды.

Ақыл кеңестің, үлгі өнегенің сарқылмас кенішіндей болған өнеге мен тағылымға, әрі ғибратқа толы жүріп өткен әке ізін жалғап, «полицейлік династия» ұрпағын жалғастыруды жөн көрген Сәлім Иманғалиевтің ұлдары, немересі мен шөберелері құқық қорғау саласына келген.

Соның бірі Ішкі істер органдарының ардагері полиция полковнигі Кеңес Сәлімұлы Нұриденов. Әкесінің жолын қуған ардагер полицей 1981 жылы қалалық Ішкі істер бөлімі бастығының саяси бөлім бойынша орынбасары қызметінен бастап, ІІД бастығының орынбасары лауазымына дейін ұзақ жылдар қызмет атқарған. 30 жылға жуық құқық қорғау қызметінде еңбек еткен құрметті ардагер полковник шенімен зейнетке шығады.

Әке жолын өзіне темірқазық еткен Кеңес Сәлімұлынан бөлек өзінің немересі Адлан Бағдатұлы Нұриденов Атырау облысы полиция департаментінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл болып қызмет атқарып келеді. 2018 жылы Ішкі істер органдарына келген ол Криминалдық полиция және Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасында жедел уәкіл лауазымында қызмет атқарған. Жауапты саланың қазанында қайнап келе жатқан Адлан еңбекқорлығы мен кәсібилігінің арқасында қызметінде жоғары көрсеткіштерге ие болған. Мәселен, жедел іздестіру іс-шарасын өткізу кезінде Атырауға есірткі сатуға келген 21 және 25 жастағы Тараз қаласының тұрғындарын ұстаған. Олардың тұрғын жайын тексеру кезінде 1 келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, Атырау қаласы аумағында сату үшін жасырын тыққан 300-ден астам орамаға оралған синтетикалық есірткілерді анықтап, қылмыстың жолын кескен. Өсер елдің баласы әкеден де асып түсер демекші полиция капитаны Адлан аталарының үлгілі еңбек жолын серік етіп, ел тыныштығын қорғау жолында еренбей еңбек етіп келеді.

- Құқық қорғау саласында абыройлы еңбек еткен құрметті тұлға ретінде атамның салмақты бейнесі, өнегелі жолы менің осы салаға келуіме себеп болды. Осыдан болса керек, жұмысымызға адалдық пен мамандығымызға деген сүйіспеншілік қанмен берілген қасиет деп ойлаймын. Ішкі істер органында ізін қалдырған ардагер аталарым секілді біз де қоғамға өзіміздің еңбегімізді сіңіргіміз келеді, – дейді полиция капитаны Адлан Бағдатұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ