ҚР Күрес түрлері федерациясының қолдауымен Атырау грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі федерациясының ұйымдастыруымен екі күндік Атырау облысында төрешілердің біліктілігін арттыру семинары басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Аталған семинарға Қазақстан Республикасының Күрес түрлері федерациясының төрешілер алқасының төрағасы, халықаралық дәрежедегі төреші Ерік Жұмабеков және «Біріккен Әлем күресі» (UWW) халықаралық ұйымының сертификатталған педагогі, халықаралық дәрежедегі төреші Лигай Игорь қатысуда.
- Қазақстан Республикасының күрес төралығы президентінің қолдауымен Атырау федерациясының басшысы Арман Тугаев мырзамен бірге келіссөздер өткізіп, Атырау төрешілерінің дәрежесін көтеруге, білімімізбен бөлісуге келдік. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықаралық төрешілердің деңгейін көтеру жөнінде семинар өткізудеміз. 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстаннан екі төреші төрағалық етеміз. Сондықтан бұл шараның біз үшін маңызы зор, - деді Е.Жұмабеков.
Семинар барысында төрешілік емтиханынан өткен қатысушыларға ҚР Күрес түрлері федерациясының төрешілер алқасы төрағасының сертификаты табысталады.
- Бұл жиында төрешілерден бөлек жергілікті жаттықтырушылардың да білімі артады. Себебі спортшылар және жаттықтырушылар ережені білсе - бізге жарыстарда топ жару жеңіл болады. Алда Атырауда «Мұнайлы астана» кубогін өткізу жоспарланған. Ол турнир әлемдік күрес федерациясының күнтізбесінде тұр. Сондықтан ол бізге өте маңызды жарыс. Аталған жарысқа жергілікті төрешілер төрағалық етсін деген мақсатта осындай іс-шараны ұйымдастырып отырмыз, - деді Атырау облысы грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі федерациясының президенті Арман Тугаев.
Айта кетейік, Атырау облысында емтихан тапсыру үшін 22 төреші тіркеуден өтті.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ