«Мотоцикл»: Атырауда мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелді

Атырауда жыл басынан бері мопед көлік құралының қатысуымен 900-ден астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Электрлі көліктердің қатысуымен құқықбұзушылық фактілері жиіледі, соның алдын алу мақсатында 5 наурыз бен 31 тамыз аралығында «Мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Бүгінде жоба аясында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 

-Бүгін қала орталығында жол ережесін бұзған мопед, скутер көлік жүргізушілерін тоқтатып, хаттама толтырып айыппұл тұрағына апарудамыз. Бұндай жұмыстар күнделікті болады. Электрлі көліктердің қатысуымен жыл басынан бері 930 құқық бұзушылық анықталды. Оларға әкімшілік хаттама толтырылып, 120-дан астам скутер, мопед арнайы тұраққа қойылды. Тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда мұндай көлік түрлерін жасөспірім жүргізушілер пайдаланады. Бұл жүргізушілер қарапайым жолда жүру ережелерін сақтамайды. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады. Ал, мұндай апаттардың салдары денсаулық пен өмірге үлкен қауіп төндіретінін естен шығармаңыздар,- деді Тұрарбек Сатыбаев Атырау қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің кадр және тәрбие жөніндегі орынбасары полиция капитаны.