Атырау облысында салынып жатқан жолға сапасыз асфальт төселгені анықталды. Мердігерлер өз есебінен бұдан да өзге ақауларды жою жұмысына 418 млн теңге жұмсады, деп хабарлайды Kazinform.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, құрылысы жүріп жатқан және кепілдік мерзімде тұрған жолдардан бірнеше ақау анықталған.
«Филиал инженерлері жыл басынан бері облыс аумағындағы 95 нысанға 524 рет тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесімен 260 ақау анықталды. Жол құрылысына пайдаланылған материалдардан алынған 2 229 сынама филиал зертханасында тексерілді. Оның ішінде 717 сынама мемлекеттік стандарттар талабына сәйкес келмеді. Сапасыз салынған жолдар мен мемлекеттік стандарт талаптарына сай келмейтін құрылыс материалдары жарамсыз деп табылды», - деп хабарлады Нұрлан Жантурин.
Осыған байланысты мердігерлер мен тапсырыс берушілерден ақауларды қайта қалпына келтіру талап етілген.
«Мемлекеттік стандарттар талабына сәйкес келмейтін жол құрылысы материалдары сапалы материалдарға ауыстырылды. Жалпы көлемі 121 мың шаршы метр жолдың бетіне өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жолдың 7 385 шаршы метріне асфальтбетон жабылдысы қайта салынды. Ал, 10 текше метр темірбетонды конструкция, 1 167 көпір құрылымы, 2 571 тонна инертті материал жаңартылды. Бұл жұмыстарға мердігерлердің есебінен 418 млн 544 теңге жұмсалды», - деп мәлім етті Нұрлан Жантурин.
Оның мәліметіне сүйенсек, биыл Атырау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына 13 мәрте хат жолданған. Оның үшеуі бойынша техникалық қадағалаушыларға айыппұл салынып, 1 техникалық қадағалаушының аттестаты жарты жылға тоқтатылған. Ал, 9 хатқа теріс жауап алынып, 1-еуі жауапсыз қалған.